САЙЛАУ СПОРТТЫҚ ШАРАҒА ҰЛАСТЫ
Сайлау спорттық шараға ұласты. Қаладағы №50 сайлау учаскесінде сайлаушылар таңдауын жасағаннан кейін ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады. Саяси науқан бұқаралық жарысқа ұласқан учаскеге арна тілшісі барып қайтты.
Қала тұрғыны Елдар Бақтыбекұлы ұлттық спортқа бір бүйрегі бұратын азамат. Сайлау учаскесіне келіп, арқан тартысып, кір тасын көтеруден сайысқа түсті. Жекелеген жарыстарда алдына жан салмаған Елдар бүгінгі сайлаудан сыйлық ұтып, олжалы қайтты.
ЕЛДАР БАҚТЫБЕКҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қайырлы күн! Мереке құтты болсын! Құрылтайға келіп, дауыс бердік. Өз таңдауымызды жасадық. Спорттық ойындар ұйымдастырған екен, соған қатысып, қуанып қалдық.
Жайлау шағынауданының тұрғындары үшін бүгін тартысқа толы күн болды. Біріншіден, өзі қолдайтын партия алға шықсын деп өз дауысын берсе, екіншіден, спорттық бәсекеде бақ сынады. Ұлттық ойындарға қатысқан тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі, – дейді ұйымдастырушылар.
НҰРЛАН САЗАНБАЕВ, №8 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
№50 сайлау учаскесінде халықтың ықыласы ерекше. Спорттық ойындарға белсене қатысып жатыр.
№50 сайлау учаскесіне 1872 дауыс беруші тіркелген. Олар шағынаудандағы 8 көшенің тұрғындары.
МАДИНА ДҮЙСЕБЕКОВА, №50 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Таңғы сағат жетіден жұмысымызды бастадық. Халықтың көңіл күйі керемет, белсенділік жоғары. Он сегіз жасқа толып, дауыс беру құқығына ие болған 9 сайлаушымыз бар. Оның төртеуі таңғы уақытта келіп, дауыс беріп кетті.
Мегаполисте саяси науқан қызу жүріп жатыр. Таңғы сағат жетіден бастап Шымкенттегі барлық сайлау учаскесінде Әнұран шырқалып, жұмыс басталды. Қалада жалпы 365 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде азаматтардың жекелеген санаттары үшін 24 жабық учаске бар.