ИНВЕСТОРЛАРДЫ ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАН ҚОЛДАЙДЫ
Инвесторларды құзыретті органдар қолдайды. Бас прокурордың бірінші орынбасары Түркістан облысында инвесторлармен кездесті. Жиында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселесі сөз болды. Әкімшілік кедергілерді жою, инвесторлардың құқықтарын қорғау және өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды. Инвесторлар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, мемлекеттік органдар өкілдерінен нақты жауаптар алды.
Президенттің Жарлығына сәйкес Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен функциялары берілген. Ал оның жұмыс органы ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Комитеттің негізгі мақсаты – инвестордың мәселесі туындағаннан кейін ғана әрекет ету емес, мүмкіндігінше оның алдын алу. Ең бастысы – инвестор өз құқығының қорғалатынына сенімді болуы тиіс.
ЖАНДОС ӨМІРӘЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Тиісті іс-әрекеттер жүргізіліп, прокуратура қызметкерлері бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Соның нәтижесінде заң талаптарын бұзған лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылып жатыр.
Бүгінде Түркістан облысында прокурорлар жалпы құны 3,2 трлн теңге болатын 219 инвестициялық жобаны сүйемелдейді. Оның ішінде Ұлттық инвестициялық пулда – 175 жоба, өңірлік пулда – 44 жоба бар. Жыл басынан бері облыста жалпы сомасы 920 млрд теңге болатын 27 инвестордың құқығы қорғалып, 30 инвестициялық кейс бойынша мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар 25 заңсыз әкімшілік іс бойынша келісім беруден бас тартылып, 23 инвесторға қатысты негізсіз тексеру тоқтатылды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Инвестиция көлемі ғана емес, әрбір инвестордың өңірде өзін сенімді сезінуі аса маңызды. Сол үшін мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз кедергілерге жол бермеу маңызды.
Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша прокурорлар 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылдық жоспар 4 еседен астам орындалды. Ал биыл құны шамамен 370 млрд теңге болатын 67 жоба инвестициялық пулға енгізілген.