Негізгі Жаңалықтар ТАҒЫ 40 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

ТАҒЫ 40 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 40 отбасы көптен күткен баспана кілтіне ие болды. Пәтерлер сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында табысталды. Жыл басынан бері 3 371 шымкенттік баспаналы болса, жыл соңына дейін тағы 4 мыңнан астам азаматты тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.

Севара Ирисметова екі бөлмелі пәтердің иесі атанды. Оның айтуынша, тұрғын үй кезегінде 12 жылдан астам уақыт тұрған. Енді жаңа баспананы «толық емес отбасы» санаты бойынша алып отыр.

 СЕВАРА ИРИСМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Бұған дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алуға тырысқанмын. Бірақ, болмады. Күдерімді үзе бастағанымда әкімдік үй беретінін естідім. Төбем көкке жетіп тұр.»

 Жаңа пәтерлердің кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков салтанатты түрде табыстады. Баспаналар Бозарық шағынауданында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілді.

 КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
«Кезекті 40 отбасыға пәтер кілті табысталды. Олар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Олардың қатарында бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар және толық емес отбасылар бар. Осы азаматтарға пәтер кілттері табысталды.»

 Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 7 мыңнан астам азаматты баспанамен қамту жоспарланып отыр. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде 96 мыңнан астам азамат бар.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар