ДРОН БАСҚАРУШЫ МАМАНДАР ОҚЫТЫЛАДЫ
Жаңа оқу жылынан бастап Сарыағаштағы Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі «Авиациялық жүйелерді қашықтықтан басқару» мамандығы бойынша мамандар даярлайды. Цифрлық технологияға негізделген бағдарлама аясында агродрон басқарушыларға арнайы куәлік те беріледі. Колледж облыста ұшу аппараттарын шығаратын қытайлық «Аватар» компаниясымен келісім негізінде дрон басқарушы мамандарды оқытатын болады.
Темірлан Сизов – болашақ IT маманы. Ол компьютерлік бағдарламалау тілдерін жетік меңгерген. Қазір жас маман жасанды интеллект көмегімен дронды VR көзілдірігі арқылы басқаруға мүмкіндік беретін бағдарлама жасап жатыр. Оның айтуынша, бұл технологияны ауыл шаруашылығында егінді дәрілеу және төрт түлікті емдеу бағытында да қолдануға болады.
ТЕМІРЛАН СИЗОВ, СТУДЕНТ
Мысалы, осы VR көзілдірігі арқылы қазір дронды басқаруды үйреніп, ұшырып көреміз. Сол үшін арнайы бағдарлама жасаймыз. VR көзілдірігін киіп, дронның көзқарасымен көреміз. Мұны мал шаруашылығында да қолдануға болады. Мысалы, малмен бұрын жұмыс істеп көрмеген адам осы VR көзілдірігін киіп, тәжірибе жинай алады. Малды бақылап, бір жері ауырса, соған сәйкес емдеу жұмыстарын жүргізуге болады.
Ғасырға жуық тарихы бар колледж осыған дейін ветеринария, зоотехника, есеп және аудит, химиялық талдау және IT бағыттары бойынша мамандар даярлап келген. Енді мұнда агродрон басқарушылар да оқытылады.
Аталған бағыт бойынша 100 талапкерге грант бөлінген. Колледж студенттерге қажетті дрондарды да сатып алған. Қытайлық компаниямен жасалған келісім негізінде ұшу аппараттарын басқаруға арналған арнайы кабинет те жасақталады. Меморандум аясында колледж ұстаздары Қытайда тағылымдамадан өткен. Ал білім ордасындағы жасанды интеллект кабинеті жастардың цифрлық технологияларды меңгеруіне мүмкіндік беріп отыр.
Колледж осы күнге дейін ауыл шаруашылығына қажетті алты мамандық бойынша шәкірт оқытып келген. Енді заман талабына сай тағы екі жаңа мамандық қосылды. Дрон басқарушылармен қатар жылыжай шаруашылығына қажетті мамандар да даярланады. Бұл өз кезегінде аграрлық өңірдегі кадр тапшылығын шешуге септігін тигізбек.