БИЫЛ 8,7 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР БЕРІЛДІ
Биыл алғашқы алты айда Қазақстанда баспана кезегінде тұрған азаматтарға 8,7 мыңға жуық жалдамалы пәтер берілді. Оның 5 мыңнан астамы жекеменшікке өтті.
Елде баспана кезегінде тұрған азаматтарға жалдамалы тұрғын үймен қатар, төмен пайызды ипотекалық несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, ипотеканың бастапқы жарнасын мемлекет тарапынан өтеу тетігі де бар. Жалдамалы пәтерлер белгіленген тәртіппен үлестіріледі. Жаңа тұрғын үйлердің 20 пайызы жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға беріледі. Ал 50 пайызы басымдыққа ие жеті әлеуметтік санаттағы азаматтарға ұсынылады. Қалған пәтерлер баспана кезегінде тұрған өзге отбасыларға үлестіріледі. Тұрғын үй заңнамасының талаптары мен жалдау шарты сақталса, азаматтарды пәтерден шығаруға негіз жоқ. Сонымен қатар баспананы кейін жекешелендіріп, жеке меншікке өткізуге де болады. Ал биыл алғашқы жартыжылдықта берілген 8,7 мыңға жуық жалдамалы пәтердің 5 мыңнан астамы жекеменшікке өткен.