ШӘМШІ ӘНДЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Әр әні тыңдарман жүрегін елжіретіп, жадына жатталған Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 96 жыл. Қазақ вальсінің королі саналы ғұмырында 300-ге жуық әуен жазып, халық ықыласына бөленді. Мерейтойы аясында Шәмші есімін иеленген облыстық филармония ұжымы ән ағаның ескерткішіне гүл қойып, тағзым жасады.
Шәмші әуендері – қазақ ән өнерінің классикалық мұрасы. Дархан далада оның шығармаларын білмейтін, естімеген кісі кемде-кем. Той-думан мен мерекелік кештер оның композицияларынсыз өтпейді. Мемлекеттік әнұранның әнін жазған композитордың репертуарында жігерді жанып, намысты қайрайтын әуендермен қатар, жүректі елжірететін сазды шығармалар да жеткілікті.
ҚҰРМАН ШОЙЫНБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ
– «Той болсын, томалақ болсын, Шәмші ағаның әндері айтылып жүргені қуантады.»
Филармония ұжымы сазгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның әндерін шырқады.
Облыс әкімдігінің қолдауымен 15–20 тамыз аралығында Шәмші апталығы өтеді. Осы аралықта композитордың шығармалары дәріптеліп, шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталады.
ҚУАТБЕК ТОРТАЕВ, Ш. ҚАЛДАЯҚОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯ ДИРЕКТОРЫ
– «Шәуілдірде музейі бар. Сонда іс-шара болады. Гала-концерт өтеді.»
Жұрт жүрегін елжіретіп, қолын кеудесіне қойғызатын композитордың туғанына биыл 96 жыл. Есті әндері елін жалықтырған емес. Әлі де талай буынды жігерлендіріп, сезім әлемін таныта түсетіні анық.