Негізгі Жаңалықтар 43 ЖАСӨСПІРІМНІҢ АТА-АНАСЫНА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

43 ЖАСӨСПІРІМНІҢ АТА-АНАСЫНА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде жүруі әлі де тиылмай тұр. Жасөспірімдер әсіресе ойын клубтары мен кафе-барларға баруды әдетке айналдырған. Осыған байланысты Еңбекші аудандық прокуратурасы мен полиция басқармасының қызметкерлері кезекті рейд ұйымдастырды. Іс-шара барысында түнгі уақытта себепсіз көшеде жүрген және ойын-сауық орындарында болған 43 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналарына айыппұл салынды.


Құқық қорғау қызметкерлері рейд барысында қаладағы ойын-сауық орындары мен кафе-барларды тексерді. Іс-шара кезінде бірқатар құқық бұзушылық тіркелді. Қаладағы тойханалардың бірінде түнгі уақытта даяшы болып жұмыс істеп жүрген үш кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Жасөспірімдердің еңбегін заңсыз пайдаланған кәсіпкерлерге де, балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарамаған ата-аналарға да тиісті әкімшілік шара қолданылды.


 ОҢЛАСБЕК АЛҒИБАЕВ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ
Түнгі уақытта жасөспірімдеріміз ойын-сауық орталықтарында, тойханаларда даяшы болып жұмыс істеп жатқандары бар. Оларды анықтап, ата-аналарын жауапкершілікке тартамыз. Егер бірінші мәрте болса, оларға ескерту жасап, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Қазіргі таңда Шымкент қаласының Еңбекші ауданында былтыр 16 қылмыс орын алса, биыл қазіргі таңда 9 қылмыс орын алды. Қылмыс былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе төмендеп отыр.


Кәмелетке толмағандардың түнгі сағат оннан кейін заңды өкілдерінсіз көшеде жүруіне тыйым салынған. Алайда үлкендердің қарауынсыз түнде жүрген 43 бала анықталды. Бауыр еті баласының қауіпсіздігіне жауапты ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


АЛМА САТҚАНБАЕВА, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ АҒА ПРОКУРОРЫ
 Қазіргі таңда жазғы мезгілде балалардың сабақтан тыс уақыттары бос. Сондықтан олар ойынханаларда, кафелерде, сондай-ақ бильярд залдарында жүреді. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандар тойханаларда даяшы ретінде жұмыс істеуде. Балалар еңбегін заңсыз пайдалануға жол берілмейді, себебі түнгі уақытта балалардың жұмыс істеуіне тыйым салынған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы түнгі рейдтер ұйымдастырылды.


Айта кетейік, жыл басынан бері Еңбекші ауданында жүргізілген рейдтер нәтижесінде 1185 ата-ана мен 33 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ үш кәсіпкерлік нысанның жұмысы бір айға тоқтатылған. Полиция өкілдері ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне мұқият болып, түнгі уақытта оларды қараусыз қалдырмауды қатаң ескертеді. Тәртіп сақшылары мұндай рейдтік тексерулердің әр апта сайын жүргізілетінін айтты.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар