ХАЛЫҚ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА
Қауіптің алдын алу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қазығұрт ауданында маусым айындағы селден зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары қарқын алуда. Сарапхана, Қадырмамбет ауылдарында сел жүру қаупінің алдын алу үшін өзен арналары тазартылып, арнайы инженерлік құрылыстар салынуда.
Ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арық-атыздар кеңейтіліп, қауіпті аймақтар тұрақты бақылауға алынған. Ауыл тұрғындарының өтініштері ескеріліп, аудан бюджетінен тиісті қаржы қаралған. Қазір каналдар тазартылып, өткелдердегі көпірлерді қалпына келтіру және жолдарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
НҰРСҰЛТАН МЕДЕУОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
2026 жылдың маусым айында Қадырмамбет, Жіңішке елді мекендерінде жауын-шашын мөлшерден тыс жауған. Соның салдарынан су бірнеше тұрғын үйге кірген болатын. Шілде айында мәселе сессияда қаралып, көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарына қаржы қаралды.
Тұрғындар мектепке барар жолға қосымша көпір салуды сұраған. Аудан әкімінің орынбасары бұл ұсыныстың жобада қарастырылғанын жеткізді.
НҰРСҰЛТАН МЕДЕУОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Тұрғындардың өтініші бойынша Қонаев мектебіне баратын жолда айналма жолға түспеу үшін көпір салып беруді сұраған болатын. Біз оны жобада қарастырғанбыз.
Қақпақ елді мекеніндегі ауызсу мәселесі де шешімін тауып келеді. Мұнда 275 метр тереңдікте жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, ауызсу ұңғымасы қазылды. Оны елді мекендегі ауызсу құбырына жалғау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 41 миллион теңге қаралған. Жұмыстар қазан айының соңында аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар аудан көлеміндегі ішкі жолдар мен ауызсу мәселелері де тұрақты бақылауда.
ТҰРДАЛЫ ҚАЙЮПОВ, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Жалпы Қақпақ ауылы 100 пайыз газбен қамтылған. Ауызсу сағатпен беріледі.
Қақпақ елді мекеніндегі жол мәселесі бойынша да нақты жұмыстар қолға алынған. Б. Омаров, Болашақ, Ынтымақ, Достық көшелерінің ішкі жолдарын орташа жөндеуге 138,4 миллион теңге бөлінді. Жеңімпаз мердігер «Tauekel Group Kz» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, қазір шағал төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары қыркүйек-қазан айларында толық аяқталады деп жоспарланған.