Негізгі Жаңалықтар Н. СЕРІКБАЙДЫҢ ІСІ: Ш. АЙМАХАН ӨМІР БОЙЫНА БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Н. СЕРІКБАЙДЫҢ ІСІ: Ш. АЙМАХАН ӨМІР БОЙЫНА БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайды аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймаханға сот үкімі шықты. Қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оны Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Самиддин Темірәлиев «Аса қатігездікпен адам өлтіру», «Некеге тұруға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» баптары бойынша кінәлі деп таныды.


Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты айыпталушыны толық кінәлі деп таныды. Мемлекеттік айыптаушы сұраған ең ауыр жаза сот үкімімен де тағайындалды. Судья Самиддин Темірәлиевтің шешімімен Шерхан Аймахан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп танылды.


САМИДДИН ТЕМІРӘЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ
Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының бірінші бөлігімен 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 115-1-бабымен 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағымен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігі талаптарының негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Аймаханға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.


Сот 20 томнан тұратын істі қарауды 23 шілдеде бастаған. Ал тергеу жеті айға созылған. Бұған дейін сотталушы тағылған айыппен келіспеген. Ол «Некеге тұруға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» баптары бойынша айыпты жоққа шығарған. Ал адам өлтіру кезінде аффект жағдайында болғанын айтқан.


АЙГҮЛ САҒЫНБЕКОВА, Н. СЕРІКБАЙДЫҢ АНАСЫ
Осы үкімге ризамын, себебі одан басқа өлім жазасы жоқ. Бірақ соттау қажет. Өмір бойы шықпауы керек. Бұдан басқа жаза жоқ, бірақ ол жазаға да лайықты емес. Өйткені ол өмір сүрді.


Сондай-ақ сотталушыға 25 миллион теңге моральдық шығын, 5 миллион теңге материалдық шығын және 2 миллион теңге мемлекеттік баж төлеу міндеттелді.


 СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, Н. СЕРІКБАЙДЫҢ АҒАСЫ
Иә, аяғына дейін барамыз. Бұл жерде өздеріңіз түсініп отырсыздар ғой? Материалдық шығын біз үшін аса маңызды емес. Бізге ең бастысы – өмір бойына бас бостандығынан айыру. Өйткені өзім айтқандай, адамның құны ақшамен өлшенбейді ғой.


 Ал Шерхан Аймаханның қорғаушысы сот үкімімен ішінара келіспейтінін жеткізді.


ЕСБОЛАТ ҚҰРМАНБАЕВ, Ш. АЙМАХАННЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ
Үкіммен біз ішінара келіспейміз. Үкімді алғаннан кейін оны зерделеп, одан кейін апелляциялық шағым беру мәселесін қарастыратын боламыз. 152-1-бабы бойынша тағылған айыппен келіспейміз. Өйткені ол жерде некеге тұруға мәжбүрлеу фактісі орын алмаған. 115-1-бабы бойынша ол 5 қазаннан кейін болған оқиға бойынша қарым-қатынасты қайта жандандыруға тырысқан. 99-бабының 5-бөлігімен келіспейміз. Менің пікірімше, бұл жерде 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық бар.
Бейнеқор


 Айта кетейік, қоғамда үлкен резонанс тудырған қанды оқиға ағымдағы жылдың 11 қаңтарында болған. Үйінен дүкенге ұн алуға шыққан 21 жастағы Нұрай Серікбайды 28 жастағы Шерхан Аймахан 35 жерінен пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен болатын.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар