Негізгі Жаңалықтар 40 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

40 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Мегаполис тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамту шаралары жалғасуда. Қалада тағы 40 отбасы қоныс тойын атап өтеді. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстады.

Көптен күткен пәтер кілтіне қол жеткізгендердің бірі - Тәттігүл Машекова. Жалғызбасты ана баспана кезегінде 6 жыл тұрған. Армандаған баспанасына қол жеткізген ол қуанышымен бөлісті.

ТӘТТІГҮЛ МАШЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Әкімге рақмет айтамын. Құттықтап, арнайы кілт табыстағанына қуаныштымын. 2 пайыздық бағдарламамен үй алып жатқан жайым бар.

Көпқабатты үйлер Асар-2 шағынауданында орналасқан. Жаңа пәтер кілттері «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары бойынша кезекте тұрған тұрғындарға табысталды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар және әлеуметтік жағынан осал топ өкілдері бар.

КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Пәтер алып жатқан азаматтарымыз төлем қабілетін растап, өтінім берген азаматтар. Бұл пәтерлер Асар-2 шағынауданында, Бозарықта орналасқан. Барлық коммуникацияға қосылған.

Айта кетейік, Шымкентте азаматтардың баспана жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл мегаполисте жалпы саны шамамен 7 000 пәтер беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 3 500 адам баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы 4 мың тұрғын қоныс тойын атап өтпек. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 92 мың азамат тұр.


Бөлісу