Негізгі Жаңалықтар ОБЛЫС ӘКІМІ ОРДАБАСЫЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ОБЛЫС ӘКІМІ ОРДАБАСЫЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданының тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Аймақ басшысы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндап, халықты жеке сұрақтары бойынша қабылдады.


Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданында болып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Аймақ басшысы алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Аудан көлемінде 13 жаңа қоғамдық көлік жаңартылды. Одан өзге, Темірлан ауылында 152 кредиттік пәтердің құрылысы толық аяқталды. Жалпы облысқа қарасты барлық аудан-қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ету, өңірге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді, аталған салалар бойынша нақты жобалар мен тиісті шаралар ұдайы жалғасуы керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда.


Биыл алғашқы жартыжылдықта Ордабасы ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 111,6 миллиард теңгеге жетіп, 33 пайызға артқан. Ауданға тартылған инвестиция көлемі 26,6 миллиард теңгені құраса, өңдеу өнеркәсібі 88,5 пайызға өскен. Әлеуметтік салада Ақбұлақ, Шұбарсу, Төрткүл және Қызылжар ауылдарында жаңа мектептер ел игілігіне берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 мектеп, 250 орындық мәдениет үйі мен спорт кешені іске қосылады.


 АЗАТ ОРАЛБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Жалпы, аудан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен өнім көлемі 5,5 пайызға артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12 млрд теңгені құрап отыр, оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары 18,6 пайызды құрайды.


Кездесуден соң өңір басшысы азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жақсарту, денсаулық сақтау, білім беру, экология мен ауыл шаруашылығы салаларына қатысты көкейкесті мәселелер көтерілді. Барлық өтініштер бақылауға алынды. Сондай-ақ, облыс әкімі тұрғындарды «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын белсенді қолдап, айналаны таза ұстауға шақырды.

Бөлісу