Негізгі Жаңалықтар «ТҮЛКІБАС» ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

«ТҮЛКІБАС» ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысындағы «Түлкібас» теміржол вокзалы толық жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Жаңа нысан жолаушыларға жайлы жағдай жасап, көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл игілікті жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа қолайлы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Биыл өңірдегі 5 теміржол вокзалының инфрақұрылымы жаңартылды. Түлкібас кентіндегі жаңа нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, вокзалдың құрылыс жұмыстарымен және материалдық-техникалық базасымен танысты.


Теміржол вокзалының ашылуына облыс әкімі арнайы қатысып, жиналғандарды жаңа вокзал ғимаратының ашылуымен құттықтап, нысанның маңыздылығына тоқталды.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл игілікті жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа қолайлы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылды. Осы игілікті іске атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа вокзал ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындар мен қонақтарға сапалы қызмет көрсететін, Түлкібастың жаңа келбетін айшықтайтын маңызды нысан болады деп сенемін.


Одан кейін салтанатты түрде лента қию рәсімі өтіп, жаңа вокзал ғимараты ресми түрде ашылды.


Түлкібас вокзалының тарихы 1916 жылдан басталады. Ғасырдан астам тарихы бар нысан заман талабына сай толықтай жаңғыртылды. Жаңа вокзал тұрғындар мен қонақтарға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, тәулігіне 186 жолаушыға сервистік қызмет көрсетуге қауқарлы. Вокзал кешені жолаушыларға қажетті қызметтердің толық циклін қамтиды.


НҰРҒИСА ПОШАНОВ, ШЫМКЕНТ МАГИСТРАЛДЫ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІНІҢ ВОКЗАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОР ОРЫНБАСАРЫ
Қазіргі вокзал толықтай заманауи талаптарға сәйкес келеді. Оның ішінде жолаушыларға арналған медициналық пункт, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелер, әжетханалар, ана мен бала бөлмесі бар. Қорғаныс инженерлік құрылыстарымен толықтай қамтамасыз етілген.


Жаңа ғимаратта 90 орындық кең күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана қарастырылған. Ана мен бала бөлмесі және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бөлме де бар. Сондай-ақ медициналық пункт, оқшаулау бөлмесі, көліктегі полиция бөлімінің қызметтік кабинеті және барлық қажетті санитарлық-тұрмыстық жағдайлар жасақталған. Нысан заманауи лифтпен жабдықталып, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кедергісіз қатынауына толық мүмкіндік жасалған. Одан бөлек, жолаушыларға арналған ұзындығы 540 метрлік перрон жаңартылды.


 БАТЫРХАН ТОҒЫЗОВ, ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Біздің өңірде керемет жақсы жағдайлар болып жатыр. Түлкібас көркейіп келеді. 100 жылдан астам елге қызмет етті. Жаңа уақыт, жаңарып жатқан кезде Президентіміздің бастамасымен вокзалдар жаңарып жатыр. Былтыр ескі құрылыс сүріліп, жаңасы салынды. Бір жылда жаңа вокзал соғылды.


 Вокзал аумағына бейнебақылау камералары мен дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер көпірі жаңғыртылды. 10-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. «Түлкібас» теміржол вокзалы – өңірдің жолаушылар тасымалы мен көлік-логистикалық жүйесінде маңызды орын алатын нысандардың бірі. Теміржол бекеті елді мекен тұрғындарымен қатар ауданға келетін және ауданнан шығатын жолаушылар үшін қатынас қолжетімділігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.



Бөлісу