Негізгі Жаңалықтар ӨРТТЕН 8 АДАМ ЗАРДАП ШЕККЕН

ӨРТТЕН 8 АДАМ ЗАРДАП ШЕККЕН

Жыл басынан бері Еңбекші ауданында 45-ке жуық өрт болды. Қызыл жалыннан 8 адам зардап шеккен. Әйтеуір, адам шығыны жоқ дейді төтеншеліктер. Ал жылыту маусымында улы газдан улану жағдайлары да жиі кездеседі. Оның алдын алу үшін Еңбекші ауданы төтенше жағдайлар басқармасының мамандары үйлерге қауіпсіздік дабылқаққыш құрылғыларын орната бастады.


50 жылдық тарихы бар мына көпқабатты жатақханада 100 отбасы тұрады. Кеңес заманында салынған ғимарат көгілдір отынға қосылмаған. Желдету жүйесі де қарастырылмаған. Сондықтан мұндағы тұрғындар пропан газын пайдаланады. Солардың бірі – Салиха Құрманалиева. Ол 40 жылдан бері отбасымен осы үйде тұрады. Күтпеген апаттың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет екенін айтты.


САЛИХА ҚҰРМАНАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Бізде газ жоқ. Газ баллонын пайдаланып отырамыз. Міне, газ баллонына қап кигізіп қойғанмын. Жылда келіп, газ қауіпсіздігі туралы ескертеді. Бұл жатақханада әлі өрт болған жоқ. Сонда да қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Бұл жердің барлығы газ баллонын пайдаланады. Төрт қабаттың барлығында газ баллоны бар. – Ал, желдету жүйесі бар ма? – Жоқ, желдету жүйесі жоқ. Іште де, сыртта, дәлізде де жоқ.


Дабылқаққыш құрылғылар әрбір үйде болуы қажет. Қазіргі таңда Еңбекші ауданының әкімдігі мен аудандық төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен құрылғылар сатып алып жатыр. Олар аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тұратын үйлерге орнатылады.


 ПЕРНЕБЕК АЙТЖАНОВ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Қалада қазір газ сигнализациясы деген аспап шыққан. Оны кәсіпкерлердің демеушілігімен аз қамтылған отбасылардың үйлеріне орнату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Келесі айда Көксайда мұржаларды төтенше жағдайлар қызметімен бірге қолмен тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Былтыр да осындай жұмыстар атқарылған. Биыл да жалғастырамыз. Адам өмірі – бірінші орында.


 Бүгінгі таңда шаһарда 194 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Оның 10 мыңға жуығы әлі де қатты отын жағады. Ал Еңбекші ауданында 32 мың жеке тұрғын үй орналасқан. Олардың басым бөлігі көгілдір отынмен қамтылған. Жылыту маусымы жақындаған сайын төтеншеліктердің де жұмысы қыза түседі. Олар қазір тұрғын үйлердегі мұржаларды тазалап, қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр.


ТӨРЕҒАЛИ ҮРКІМБАЕВ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Аудан бойынша 45-ке таман өрт орын алды, 8 адам зардап шекті. Көбінесе өрттердің көбі жеке тұрғын үйлерде болады. Пәтерлердегі өрттің себептері – қысқа тұйықталу, балалардың отпен ойнауы және басқа да жағдайлар. – Адам шығыны бар ма?– Адам шығыны жоқ. Уәлиханов көшесі, 243-үйде газ баллондары пайдаланылады. Бұл – жатақхана. Сонымен бірге қазіргі өзекті мәселелердің бірі – балалардың терезеден құлауы. Осы мәселелердің барлығын қамтып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.


 Айта кетейік, қазіргі таңда Еңбекші ауданында газ жүйесі тартылмаған 4 жатақхана бар. Онда 400 отбасы тұрады.


Бөлісу