«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІН АРАЛАДЫ
Ауылдың әлеуетін арттырып, отандық өндірісті жаңа деңгейге шығару – уақыт талабы. Саяси додаға 69 кандидат ұсынған «Ауыл» партиясының штаб өкілдері жұмысшы ұжымдармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып жүр.
Бұл жолы партия өкілдері еліміздегі ең ірі қызанақ өндірушілердің бірі – «Alsera» серіктестігінің жылыжай кешенінде болды. Ашық диалог форматында өткен кездесуде ел экономикасының маңызды салаларының бірі саналатын агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі сөз болды. Партия төрағасы Қайрат Айтуғановтың айтуынша, басты міндет – ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен қамтамасыз етіп, шаруаларға қолжетімді несие беру және мемлекеттік субсидиялау жүйесін жетілдіру. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңызды тетігі. Жиында еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмады. Жаңа жұмыс орындарын ашу, жалақыны арттыру және ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту – алдағы ауқымды жоспардың негізгі бағыттарының бірі. Жұмысшылар тарапынан да сауалдар қойылып, нақты ұсыныстар айтылды. Сұрақтардың басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты болды.
ТАЛҒАТ АЙТБАЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ
Бұл жер де қалыптасып, дамып келе жатқан мекеме болғандықтан, өзіндік проблемалары бар. Оны ашық айтты. Қала масштабында көтеріліп жатқан мәселелердің бірі – энергия көзіне қатысты проблема. Негізінен, біз Түрікменстан өндірушілерімен бәсекеге түсіп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, газдың бағасы да бөлек, есептеу жүйесі де бөлек. Сол себептен көтерілген мәселелердің барлығын қабылдадық. Партия төрағасының өзі де осы құраммен арнайы келіп отыр. Компанияның жұмысымен танысып, мәселелерін тыңдап, мүмкіндігінше шешуге әрекет етеміз.