Негізгі Жаңалықтар «ZHASTAR FEST – 2026»

«ZHASTAR FEST – 2026»

Жастардың жігері мен таланты бір сахнада тоғысты. Шымкентте Халықаралық жастар күніне орай «ZHASTAR FEST – 2026» мерекелік фестивалі өтті. Жастар асыға күтетін айтулы шара биыл да ән мен биге, өнер мен шығармашылыққа толы болды. Фестивальді Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.


 Фестиваль Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, «Шамсинұр» би ансамблінің өнерімен жалғасты. Фестиваль барысында жастарға арналған концерттік бағдарлама ұсынылып, белгілі өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, жастарды мерекемен құттықтады. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген 15 белсенді жас қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.


 ӘКІМЖАН ӘБДӘКІМОВ, ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Он бес белсенді жас – біздің акцияларға белсенді қатысқан жастар. Қаладағы белсенді жастардың ішінен іріктеп, жыл сайын қала әкімінің алғыс хатымен марапаттаймыз.


Мерекелік кеште белсенді жастардың еңбегі ескерілді. «ZHASTAR FEST – 2026» жобасы аясында өткізілген «Оқырман», «Stand Up», «Поэзия», «Акустика» және «Заманауи би» бағыттары бойынша байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.


ЕРСҰЛТАН ТӨЛЕН, ШЫМКЕНТ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАСТАР САЯСАТЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Өте керемет ұйымдастырушыларға рақмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Мықты ел болайық. Әрқашан Қазақстан жасай берсін!


Концерттік бағдарламаны Бағлан Жолдасов, Астана Қарғабай, Сырым Исабаев, Қуаныш Әбжапбар және Алуа Мерген секілді танымал өнерпаздар қыздырды. Кештің қорытынды бөлімінде «Шамсинұр» би ансамблі, «Арт Шоу» тобы және «Бурхан Стайл» барабан шоуы өнер көрсетіп, DJ Romanooo қатысуымен би кеші ұйымдастырылды. «ZHASTAR FEST – 2026» фестивалі жастардың басын біріктіріп, олардың таланты мен шығармашылық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берген мазмұнды мерекелік кеш ретінде өтті.

Бөлісу