Негізгі Жаңалықтар САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Мегаполисте алдағы саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сайлау учаскелерінің талаптарға сай болуы жіті назарда. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл жолы Тұран ауданындағы №50 мектеп ғимаратында орналасқан №10 сайлау учаскесінің дайындығы тексерілді.

Ерекше жандарға ерекше жағдай жасалуы керек. Сондықтан учаскелердегі пандустар мен арнайы жолақтар арбамен келген сайлаушыға кедергі келтірмеуі тиіс. Зағип жандардың дауыс беруі үшін де арнайы жағдай жасалуы қажет. Учаскелер арнайы жолақтармен, кабинамен және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы тиіс.

ҒАБИТ АХАТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨЗІ КӨРМЕЙТІН ЖӘНЕ ӘЛСІЗ КӨРЕТІН АРНАЙЫ КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ
Осы әкімшіліктен құрылған комиссия құрамында №50 мектепте орналасқан учаскені тексеру кезінде қолайлы жағдайды көрдік. Ешқандай кемшілік көрмедік. Барлық жағдай жасалған.

№10 сайлау учаскесінде дауыс беру құқығына ие 1619 адам тіркелген. Бұған дейін өткен сайлау мен референдумда тұрғындар белсенділік танытқан. Бұл жолғы саяси науқанда да тұрғындар атсалысады деген үміт бар. Сайлау учаскесі сайлауға сақадай сай.


ҰЛПАН СЕКСЕНБАЕВА, №10 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Біздің сайлау учаскеміз ертеңгі сайлауға дайын. 9 мүшеміз бар. Мүгедектігі бар азаматтарға арнайы жолағымыз бар. Лампа, арнайы оқу құралы бар. Барлығы сақадай сай.


Шымкент қаласында алдағы науқандар мен сайлауларға байланысты барлығы 365 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде азаматтардың жекелеген санаттары үшін 24 жабық дауыс беру орны бар. Бүгінде барлық учаскелерде дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.


Бөлісу