Негізгі Жаңалықтар ОБЛЫС ӘКІМІ ТҮЛКІБАСТЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

ОБЛЫС ӘКІМІ ТҮЛКІБАСТЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесті. Ашық диалог алаңында облыс басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, өңірде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелер туралы баяндады. Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған өзекті мәселелер бойынша сұрақ қойып, тұшымды жауап алды. Көпшілік инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді.


Түлкібас ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 6 айында 50,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,6 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 14,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,8 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 8,4 млрд теңгені құрап, 13,4 есеге өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 18,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға артты. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Түлкібас ауданы облыс аудандары арасында 2-орынға тұрақтады.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біздің басты мақсатымыз – облыстың барлық аудандары мен қалаларының экономикалық өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру. Баршаңызды осы жолда бірлесіп, аянбай еңбек етуге шақырамын. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда. «Тазалық – жиналған жерде емес, сақталған жерде» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, күнделікті үйіміздің айналасын, көшелерімізді таза ұстауға және көгалдандыруға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын.


Түлкібас ауданында 2026 жылдың 6 айында сауда көлемі 8,2 млрд теңгені құрап, өсім 5 пайызға жетті. Құрылыс көлемі 4,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,2 пайызға артты. 12,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері 22,7 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан Бақыбектегі ауылдық клуб, Ынтымақтағы мәдениет үйі және Қараағашты ауылындағы 150 орындық қосымша мектеп ғимараты жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жабағылы және Машат ауылдарының ауыз су жүйелері қайта жаңартылып, іске қосылды. Оған қоса, 23 елді мекеннің ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті.


АСҚАР ЕСТІБАЕВ, ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Биыл ауданда жалпы құны 77,6 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 1 222 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба іске асырылып, 113 жаңа жұмыс орны құрылды. Қалған 20 жобаны жыл соңына дейін іске асыру жоспарланып отыр.


Ашық диалог алаңында тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындар инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді. Облыс әкімі халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге басымдық беру қажеттігін атап өтті. Кездесуден кейін Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке қабылдап, өтініштері мен шағымдарын тыңдады. Бірқатар мәселе сол жерде шешімін тапса, қалған мәселелерді заң аясында шешу бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді.


Бөлісу