Негізгі Жаңалықтар ТҮЛКІБАСТА ӨНДІРІС КӨЛЕМІ АРТАДЫ

ТҮЛКІБАСТА ӨНДІРІС КӨЛЕМІ АРТАДЫ

Түлкібас ауданында ауыз су және алкогольсіз сусындар өндіретін «Beibars Bottlers» ЖШС зауытының екінші кезеңінің капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі. Облыс әкімі сапар барысында Жабағылы ауылдық округінде орналасқан «Қарқын Трейд» ЖШС құс фабрикасының құрылыс жұмыстарымен де танысты. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін болады.


 Ауыз су және алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорынның бірінші кезеңін іске асыруға 9 млрд теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорын темір және пластикалық құтылардағы «RC» маркалы сусындарды өндіреді. Өндірілген өнімнің 51 пайызы Ресейге, 26 пайызы Қырғызстанға экспортталса, 23 пайызы ішкі нарықта сатылады.


МАКСМИ НИГАЙ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ
Бірінші кезеңде біз негізінен үш түрлі өнім шығардық. Олар – «RC Cola» бренді, газдалған сусындар және «Refresh Orange», «Refresh Green Apple» өнімдері. Қазір екінші кезеңде өндіріс көлемін арттырамыз. Қосымша жаңа өнім – ауыз су шығарылады. Бірінші кезеңде су шығаратын желі Германиядан келген «Krones» компаниясының жабдығымен іске қосылған. Оның өндірістік қуаты – сағатына 40 мың литр.


Аталған жоба – өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі. Өндірісті одан әрі кеңейту мақсатында жобаның екінші кезеңін іске асыру көзделген. Оған 8,4 млрд теңге инвестиция бағытталмақ. Жоба толық қуатына шыққан кезде кәсіпорында қосымша 90 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауытты келесі жылы іске қосып, жалпы өндірістік қуатын жылына 400 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл – өңір экономикасы үшін маңызды көрсеткіш. Облыс әкімдігі инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыра береді. Инвесторларға осы жобаны жүзеге асырып отырғаны үшін алғысымды білдіремін. Кәсіпорын ұжымына табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін.


 Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы жоспарланған. «Қарқын Трейд» ЖШС құс фабрикасының жалпы құны – 53,7 млрд теңге. Нәтижесінде 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба аясында 96 құс фермасы, инкубатор, құрамажем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдықтарды өңдеу цехтары, сондай-ақ тоңазытқыш қоймалары салу көзделген.


НҰРМАХАН ӘБДІБАЕВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ
Қазір біз бірінші кезеңнің аяқталу уақытында тұрмыз. Ол – құс бөлімінің бірінші кезеңі. Қазір сою цехының құрылысын бастап кеттік. Он құс өсіру цехын құрып бітірдік. Жоба толық іске қосылған кезде жылына 48 мың тонна құс еті өндіріледі. Бірінші кезеңде өндірістік қуаттылығы 16 мың тоннаны құрайды.


Жоба үш кезеңнен тұрады. Жобаны қаржыландыруға «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан 5 млрд теңге несие бөлінді. Бүгінде 10 құс фермасының темір қаңқасы тұрғызылып, сэндвич-панельмен қапталуда. Сонымен қатар құс сою бекетінің аумағында жерді тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімдігі инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.





Бөлісу