5 ӨНДІРІС ОШАҒЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Түркістан облысында отандық өндіріс өркендеп келеді. Ордабасы ауданындағы «Темірлан» өндірістік паркінде жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жоба іске асырылып жатыр. Облыс әкімі Темірлан ауылына арнайы жұмыс сапарымен барып, кәсіпорындардың өндірістік қуатымен танысты.
Бастапқыда 5 ғимарат пайдалануға берілген болатын. Қазір мұнда инвестициялық құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылып, 53 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Аймақта кір жуғыш ұнтақтар мен сұйық заттар, түйіршіктелген жем, шыны бұйымдары мен металл өнімдері шығарылады. Аралау барысында облыс әкімі әуелі тұрмыстық химия өнімдерін өндіретін «ALMEN GROUP» пен «Б. Байдулла» кәсіпорындарының тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Инвестициялық құны 350 миллион теңгені құрайтын бұл зауыттардың әрқайсысы жылына 5 мың тонна жуғыш зат өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында кезекті жаңа нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мердігер мекеме құрылыс-монтаждау жұмыстарын бекітілген кестеге сай атқаратындарын айтты.