ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысында макулатура мен картон қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Инвестициялық құны 1 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағы Ордабасы ауданында бой көтереді. Нысанның капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, бұл бастама өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратынын атап өтті.
Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 5 875 тонна макулатураны өңдеп, тәулігіне 190 мың дана дайын өнім шығаратын болады. Мұнда халық пен өндіріске аса қажетті жұмыртқа лотоктары, аяқ киім қаптамасы сынды тауарлар өндіріледі. Ең бастысы, шығарылатын өнімнің 70 пайызы ішкі нарықтағы қажеттілікті өтесе, қалған 30 пайызы сыртқы экспортқа бағытталып, елдің экономикалық әлеуетін арттырады. Сонымен қатар, кәсіпорын өңірдегі 20 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.
ӘЛІМХАН ӘБЖАНОВ, КӘСІПКЕР
Қазір құрылыс жұмыстары басталып жатыр.Жалпы құны 1 миллиардтан асады.Енді 25 адам 3 ауысыммен жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. 7миллионға жуық жұмыртқаның қаптамасын шығарады, оны елде де, шетелге де экспорттаймыз.
Қазір құрылыс алаңында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Мамандар қазаншұңқырды дайындап, іргетас қалау процесін бастап кетті. Жоспар бойынша зауыт ғимаратының құрылысы жыл соңына дейін жүргізіледі.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Былтыр халықпен кездесуде Ордабасының потенциалы жоғары екенін айтқан болатынмын.Өз-өзін қамтитын, өзге өңірлерге көмек беретін аймақ ретінде танылып келеді.Егер бірлесе жұмыс атқаратын болсақ, осындай жобаларымыз көбейе беретін болады.
Жалпы, өңірде өңдеу өнеркәсібін өркендетіп жатқан жобалар аз емес. Ал «жасыл экономиканы» ілгерілететін бұл бастама іске қосылса, Түркістанның экологиясы жақсарып, қазынаға да қомақты кіріс түспек.