АБАЙ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ БИІК ШЫҢЫ
Өлеңі – өнеге, қара сөзі – нақыл. Ұлы ақын, ағартушы Абайдың туған күні Түркістанда ерекше аталып өтті. Қалалық әкімдік ұйымдастырған «Абай – ұлт рухының биік шыңы» атты мәдени кеште ойшылдың шығармашылығы кеңінен дәріптелді.
Кеш Абай шығармаларынан кітап көрмесін тамашалаудан басталды. «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблі күй орындап, мерекелік бағдарлама ақын шығармашылығына арналған қойылыммен жалғасты. Көрерменге Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Тереңдеп қарайсың», «Мен бір жұмбақ адаммын» секілді әндері ұсынылды. Сонымен қатар «Бойы бұлғаң», «Сегіз аяқ» әндері мен Абай операсынан «Ажардың ариясы» орындалды.
ДОСАЙ КЕНЖЕТАЕВ, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
Соңғы екі ғасырда түркі-ислам өркениетінде көптеген құбылыстар болып өтті. Біріншісі – отарлық, одан кейін батыстану үрдісі. Отарлану кезінде біздің тірегіміз Абай болды.
Әдеби кеште Абай мұрасының ұлттық руханияттағы орны айшықталды. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі тағылымды ойлар кеңінен насихатталып, оның шығармаларының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы сөз болды.
ҚАДЫРБОЛАТ МҰСАҒАЛИЕВ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына арналған Абай шығармаларын насихаттау кеші. Мақсаты – ақын бабамыздың еңбегін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау.
Абай – қазақ халқының рухани әлемін биіктеткен ұлы тұлға. Оның өлеңдері, қара сөздері мен әндері – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын асыл мұра. Ақын шығармашылығын дәріптеу арқылы жас ұрпақты білімге, ізденіске, еңбекке және адамгершілікке тәрбиелеу – кештің негізгі мәні болды.