ТІГІНШІЛЕР ШЕБЕРЛІКТЕРІН ШЫҢДАДЫ
Тігіншілер тек ою-өрнек салып, көрпе-төсек тігеді деп ойласаңыз, жаңылысасыз. Шымкенттік шеберлер балалардың сүйікті ойыншығы – куроми тігіп, шеберліктерін шыңдап келеді. Сюжеттен көріңіз.
69 жастағы Шаркүл Әлімханова жасынан тігін тігумен айналысады. Сүйікті ісін кәсіби тұрғыда шыңдап, шеберлігін жетілдіруді көздеген ол шеберлік сағатына арнайы келген. Кезекті дәрісте балалар ойыншығын тігіп, немерелеріне сыйлық жасамақ.
ШАРКҮЛ ӘЛІМХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Білгенің – бір тоғыз, білмейтінің – тоқсан тоғыз дейді ғой. Білімімді шыңдап, өнерімді дамытайын деп келдім. Немерелерімді қуантпақпын.»
Шеберлік сағатын 20 жылдық тәжірибесі бар маман өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай дәрістер апта сайын өтіп отырады. Әр сабақта қатысушылар шеберліктерін шыңдап, жаңа әдіс-тәсілдерді үйренеді.
АЙЖАН ТАҒАЙҚЫЗЫ, ШЕБЕРЛІК САҒАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
«Шеберлік сағатын өткізудегі мақсат – үйде отырған қыз-келіншектерге қосымша табыс табуды үйрету.»
Шеберлік сағаты соңында қатысушылар өздері тіккен ойыншықтарды үйлеріне алып кетті. Олар дәрістердің мазмұны сапалы, жетекшілердің біліктілігі жоғары екенін айтады.