ҚАЗЫНАҒА 7,5 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Бюджет қаражатын тиімді жұмсау – мемлекет үшін маңызды міндет.Себебі, бұл қаржы халықтың қажетіне жұмсалады.Ал Шымкентте бір жыл ішінде 23,4 млрд теңге үнем тіркеліп, 7,5 млрд теңге қазынаға қайтарылды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті алдын-ала тексеріс жүргізіп, заңбұзушылықтарды анықтады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Бюджет қаражатын бақылауда цифрлық жүйелердің мүмкіндігі кеңейді.Егер осы уақытқа дейін талан-таражға түскен қаржыны қайтару қиынға соқса, қазір ақпаратты алдын-ала анықтауға болады.Ол үшін департамент мекемелердің қазына қаражатын қалай жұмсап отырғанын қарайды, мемлекеттік сатып алуларды да сараптайды.Айталық, белгілі бір тауарға қанша теңге бөлінгенін, бағаның талапқа сәйкестігін, шығынның қажеттілігін толық зерделейді.Күмәнді жайттарды ерте анықтап, қазына қаржысын үнемдейді.Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы қалада 84 қылмыстық іс әшкереленді.
БАҚЫТ ҚАЙШЫБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Өткен жылы анықталған 84 қылмыстық іс бойынша мемлекетке келтірілген залалдың көлемі 15,9 миллиард теңгені құрады. Нәтижесінде 7.5 млрд теңге мемлекетке қайтарылды. Бұл көрсеткіштер бүгінгі таңда қолданылып отырған алдын алу тәсілдерінің тиімділігін айқын көрсетеді. Егер бұрын құқық бұзушылық жасалып, кейін залал анықталса, бүгінде тәуекелдерді ерте анықтау арқылы мұндай шығындардың алдын алу мүмкіндігі артып келеді.Яғни, біздің мақсатымыз – қылмыстық істердің санын көбейту емес, керісінше олардың орын алуына жол бермеу.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Департаменттің негізгі міндеті – келтірілген шығынның алдын-алу.Қаржының заңсыз жұмсалуына жол бермеу.Сондықтан сала мамандары мемлекеттік органдармен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп тұрады.
БАҚЫТ ҚАЙШЫБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда бақылаудың дәстүрлі тәсілдерімен қатар цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Деректерді кешенді талдау күмәнді қаржылық операцияларды уақытылы анықтауға, тәуекел деңгейі жоғары жобаларды айқындауға және бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі нақты нәтижелерден көрінеді
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Қазынаға қайтарылған бұл қаражат халық игілігіне жұмсалады.Әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, жолдар жөнделеді, елді-мекендер абаттандырылады. Сондықтан бұл істе қылмыспен күресуден гөрі, оның алдын-алу маңызды.