ПСИХОЛОГТАР ДИПЛОМСЫЗ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТПЕЙДІ
«Психологпын» дегеннің бәрі бірдей маман емес.Елде бірнеше ай бұрын онлайн курс өтіп, психологиялық қызмет көрсететіндерге қатысты жаңа заң мақұлданды.Енді төрт жыл бойы білім алып, диплом иеленіп, мемлекеттік реестрге енгендер ғана халыққа көмек бере алады.Ал өзін «коуч», «тренермін» деп таныстыратындар тәртіпке бағынбаса, жауапкершілікке тартылады.Салада тағы қандай өзгерістер бар? Аружан Самидиннің бейнематериалында.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
«Жаныңды емдеймін», «өміріңді өзгертемін». Әлеуметтік желіде осындай уәде беріп, екі апталық курстың сертификатын иемденіп, халыққа кеңес айтып жүргендердің дәурені аяқталды. Елде бір ай бұрын арнайы дипломы жоқ мамандарға психологиялық қызмет көрсетуге ресми түрде тыйым салынды. Яғни талайдың қалтасын қағып, сабағын жарнамалап жүрген псевдо-психологтардың бизнес-жобасына нүкте қойылды.
Бүгінде өзін психолог деп таныстырып, тағдыр туралы кеңес беретін, отбасылық мәселеге төрелік айтып, адамның әрбір сәтсіздігін өткенінен іздейтіндер аз емес. Бірі бұл мамандықты бірнеше жыл оқып, білімін тәжірибемен ұштастырады. Екіншісі үш айлық курстан өтіп, қолына сертификат алады да, әлеуметтік желі арқылы ақыл айтуға кіріседі. Сөзіне иланған жұрт оған ішкі сырын айтады, жан жарасын жайып салады. Соңында қалай қаржысынан қағылып қалатынын білмейді. Мұндағы қауіп те осы.
- Барады да, 400 мыңын береді.Оны кредитке алып, қиналып жүреді төлеп.Ол алған оқуы түкке де жарамайды.Көріп жүрміз ғой, қоғамда, жалпы достардың арасында.
- Дипломы бар адам мен сатып алған адамның айырмашылығы бар.Негізі, дипломды алып, оқып барып жұмыс істеген жақсы ғой, не істесе де.
- Дипломы бар, үйренгені көп адамнан сабақ алған дұрыс қой, алаяқтарға алданбай.Өзім ондайға қарсымын.
Кәсіби психологтар бұл салаға өмірінің төрт-бес жылын арнайды. Білім алады, тәжірибе жинайды. Бірақ түптеп келгенде, халық жарнамасы жер жаратын «желідегі пысықтарға» жүгінеді. Бірақ, мұның кері тұсы көп,- дейді мамандар.
АРАЙЛЫМ ҚУАТҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ
Мен өзім қолдамаймын бұл дүниені.Себебі, жалпы біз төрт жыл, бес жыл оқимыз.Теориялық тұрғыда қазір зерттеліп жатқан жайттар көп.Бір апта не бір ай оқып, адамдарға ақыл айтқан нәтижесіз деп ойлаймын.Сол себепті де, қазір психологтарды құнсыздандырып жатқандар өте көп.
Бұған дейін Қазақстанда психологиялық қызметті реттейтін арнайы заң болмады. Денсаулық сақтау жүйесіндегі психологқа бір талап қойылса, білім беру ісіндегі маманға басқа міндет жүктелетін. Яғни жеке практикамен айналысатындардың қызметін реттейтін нақты тетік болмады. Енді жағдай өзгермек. «Психологиялық қызмет туралы» заң салаға ортақ тәртіп қалыптастыруды көздейді. Жаңа талапқа сай психолог ең алдымен жоғары білімін растауы қажет. Тек содан соң ғана сұраушымен екіжақты ресми келісімшарт түзіп, заңды түрде қызмет көрсетуге құқылы.
ЕРБОЛ ҚОЖАБЕКОВ, ЗАҢГЕР
Біз арнайы психологтарға баратын болсақ, олар арнайы келісімшарт түзеді, құжатта жауапкершілігі, қандай қызмет көрсететіні жайлы жазылады.Егер келісімшартта көрсетілген талаптарды орындамаса, ол ҚР Азаматтық кодексімен жауапкершілікке тартылады.Мұндай жағдайда біз моральдық және материалдық жауапкершілікке тартып, сотқа жүгіне аламыз.Олар заңмен бекітілген психологтар болатын болса, келісімшарт негізінде ғана қызмет атқара алады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Иә, бұл құжат ең алдымен «психолог» ұғымының құқықтық мәртебесін айқындап берді. Бұдан былай Мемлекеттік тізілімге енгізілген тұлғалар ғана психологиялық қызмет көрсетуге құқылы. Арнайы құрылған электрондық реестр арқылы ел халқы маманның дипломы мен өзге де анықтамаларын ашық тексере алады. Сондай-ақ, «психологиялық құпия» ұғымы заңмен бекітіліп, сеанс барысында айтылған ақпараттар қорғалады. Ал дипломы жоқтарға жарнама мен келісімшартта «психологиялық кеңес», «диагноз» не «терапия» сынды терминдерді қолдануға қатаң тыйым салынды. Бұл заңға құлақ аспағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.