Негізгі Жаңалықтар ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 96 ЖЫЛ

ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 96 ЖЫЛ

Биыл қазақ вальсінің королі, ән өнерінің алдаспаны Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл. Талантты сазгер саналы ғұмырында 300-ге жуық ән жазып, қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде өзі туып-өскен Темір совхозы композитордың есімімен аталады. Мұнда сазгердің тұтынған заттары мен құжаттары қойылған Шәмші музейі жұмыс істейді. Арнамыздың түсірілім тобы музейге арнайы барып, құнды жәдігерлермен танысып қайтты.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Қазақ вальсінің королі хан сарайында емес, қарапайым қоржын үйде туған. Аядай ауылдан үлкен арман арқалап шыққан ол 300-ге жуық ән жазып, қазақ музыка өнерінің көгінде мәңгі қалықтады.


Қамыс үйді Қалдаяқ қарт тұрғызған. Бұл – көне ғимараттың көшірме үлгісі. Темірден түйін түйген шебер алыс-жақынға танымал, абыройлы адам болған. Бүгінде мұражайға айналған үй екі бөлімнен тұрады. Бір бөлігінде ұстаның қолынан шыққан темір бұйымдар қойылған. Екінші бөлігі сазгердің өмірі мен шығармашылығына арналған. Мұнда 170-тен астам жәдігер бар.


Шәмші Қалдаяқов ұстаздық етіп, білгенін өзгелермен де бөлісіп отырған. Бұған композитордың саусақ табы қалған мына күйсандық та куә. Ол Шәуілдірдегі саз мектебіне жиі келіп, балалар мен мұғалімдерге өз әуендерін үйреткен.


Сазгер ғұмырының 17 жылын Тараз маңындағы дүнген ауылында өткізген. Сонда жасөспірімдерге жөн сілтеп, ағалық ақылын айтып отырған көрінеді. Өзара шекісіп, бұзақылық жасағанша, шахмат ойнаңдар деп, ауыл балаларын интеллектуалдық ойынға баулыған.


Қазақтың барлық аймағын әнге қосқан сазгер туған жері жайында толғануға асықпаған секілді. Бірде Шымкентте өткен жиынға Темір совхозының директоры арнайы барып, жерлесіне жаңа фортепиано сыйлайды. Сол кеште Шәмші ағынан жарылып, туған жеріне бір ән арнауға уәде етеді.


Вальс королінің шығармашылығына қызығушылық танытып, музейге ат ізін салатындар көп. Сондықтан музей меңгерушісі аумақты кеңейтіп, жаңа ғимарат салуды жоспарлап отыр. Нысанның жобасын әзірлеп, қаржылық есебін де жасаған. Жуырда жобаны тиісті орындарға жолдап, игі істі ілгерілетуге бел буыпты.


СЕРІК ОЛЖАТАЕВ, МУЗЕЙ МЕҢГЕРУШІСІ
«Туристің бәрі осы жол бойымен өтеді.» 01:12–00:31: «Вальс королі болғандықтан, мұражай тәж іспеттес болса деп ойымызды қағазға түсірдік. Төбесінен қарасаңыз, жұлдызға ұқсайды. Бұл – Шәмшінің қазақ эстрадасының жұлдызы деген мағынаны білдіреді.»


Сазгер 11 ағайынды болған. Інісі Қыдыр Қалдаяқұлының айтуынша, композитор көңілді, сөзге шешен, уәдеге берік азамат болған. Туған-туысына демеу болып, қолдауын да аямапты. Бауырларын еңбекке, әділдікке баулып, табандылыққа үндеген. Ән өнері Шәмшіге қан арқылы дарыған.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар