Негізгі Жаңалықтар ЕСІРТКІНІҢ ИНТЕРНЕТТЕГІ САУДАСЫ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

ЕСІРТКІНІҢ ИНТЕРНЕТТЕГІ САУДАСЫ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Есірткі саудасы өршіп тұр. Шымкентте тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қарсы арнайы жоспар бекітілгенімен, заңсыз әрекеттер тыйылар емес. Шаһарда психотроптық заттарды жарнамалау, ғимарат қабырғаларына граффити суреттерін салу және үй жағдайында есірткі өсімдіктерін өсіру деректері әлі де тіркелуде. Тәртіп сақшылары мен белсенділер граффитилерді өшіріп, рейдтік жұмыстарды күшейткен.


 Шымкенттік полицейлер жыл басынан бері есірткіге қатысты 296 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Оның 53-і – есірткі сату, 12-сі – аса ірі мөлшерде сақтау, 19-ы – есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру, 3-еуі – жарнамалау және насихаттау дерегі. Заңсыз айналымнан 393 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның 15 келісі – синтетикалық есірткі. Мониторинг жүргізу нәтижесінде есірткі саудасына қатысты 1225 сайт, әлеуметтік желідегі парақша мен мессенджердегі арна жабылды. Сондай-ақ интернет желісінде қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған 576 банк шоты анықталып, бұғатталды. Жалпы сомасы 47 миллион теңге көлеміндегі заңсыз қаражатқа шектеу қойылды. Бұдан бөлек, үй жағдайында есірткі өсімдіктерін өсірудің 19 фактісі анықталған.

 АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
«Тұрғындардың есірткіні өз үйлерінде, бау-бақшаларында және саяжай жағдайында өсіргені, сондай-ақ оның кептірілген түрін сақтағаны туралы бірнеше дерек анықталды. Тұран шағынауданында 34 жастағы тұрғынның үйінде фито-зертхана анықталып, жасанды жағдайда өсірілген есірткі өсімдігімен қоса екі қару тәркіленді. Синтетикалық есірткілерді жасырып кету (закладка) тәсілімен айналысқан 40 адам құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды».


Қазіргі таңда заңсыз есірткі айналымы негізінен интернет-платформаларға ойысқан. Оңай олжаға кенелгісі келген жастар бұл іске жиі тартылуда. Жыл басынан бері осындай 49 дерек анықталды. Тәртіп сақшыларының өңіраралық бірлескен операциясы нәтижесінде Жетісу облысында жасырын зертхана жойылып, 3 келіден астам есірткі тәркіленді. Ал Алматы қаласында Шымкент полицейлері аса ірі көлемде тыйым салынған заттарды тасымалдаған Қарағандының екі тұрғынын ұстады. Тінту кезінде олардан 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар