Б. ҚОНЫСБЕКОВТІ ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІ
Бильярдтан қазақ журналистикасының қара нары Байдулла Қонысбековті еске алуға арналған турнир өтті. Жарыс баспасөз бен телевизия саласының қатар дамуына үлес қосқан тұлғаның 85 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Сайысқа төрт өңірдің тастаяқ шеберлері қатысты. Шымкент, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген БАҚ өкілдері өзара сынға түсіп, мықтыларды анықтады. Мергендігімен көзге түсіп, қарсылас шақ келтірмегендерге арнайы кубок пен медаль, сондай-ақ қаржылай сыйлық табысталды.
ЕРСҰЛТАН ӘМІРБЕК, ЖУРНАЛИСТ
– «Оңтүстік журналистерінің барлығы Байдулла ағамыздың шәкірті саналады. Көз көрген әріптестерінің бәрі бүгінгі турнирге қатысып жатыр.»
Жарыс барысында көзкөрген әріптестері мен шәкірттері Байдулла Қонысбековтің жарқын бейнесін еске алды. Тіршілігін тілшілікке арнаған маман жайында толымды ой, тұщымды пікір айтты. Ғалымжан Елшібайдың айтуынша, ізінен ерген кейінгі буын ұстазын ұмытпақ емес. Өйткені ол білгенімен бөлісіп, өңір журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты.
ҒАЛЫМЖАН ЕЛШІБАЙ, «МЕДИАКРАТИЯ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Көзі тірі кезінде де 80 жас мерейтойын өткізгенбіз. Есімін есте қалдырып, еңбегін насихаттау үшін ұйымдастырылып отырған турнир бұл.»
Байдулла Қонысбековті шәкірттері мен әріптестері «Журналиссимус» деп атайды. Бұл – оған халық берген шен. «Оңтүстік» телеарнасының уығын қадап, шаңырағын көтерген азамат іргелі ұжымға 12 жыл басшылық етті. Осы аралықта халық жүрегінен орын алған телехабарлардың жарыққа шығуына ұйытқы болды. Шәкірттері биыл өнегелі ғұмыр кешкен маман жайында кітап шығаруды жоспарлап отыр.