Негізгі Жаңалықтар ШӘМШІ РУХЫНА ТАҒЗЫМ!

ШӘМШІ РУХЫНА ТАҒЗЫМ!

Әсем ән, сырлы саз… Шәмші Қалдаяқовтың әндері тағы бір мәрте Шымкент аспанын әуезді әуенге бөледі. Қазақ вальсінің королі атанған композитордың туған күніне орай шаһарда тағзым рәсімі өтіп, кеш гала-концертке ұласты.


«Қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай «Шәмші әлемі» аллеясында еске алу рәсімі өтті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бастаған зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

 Шәмші Қалдаяқовтың есімін ұлықтау, шығармашылық мұрасын дәріптеу – ұлттық өнерге деген құрмет. Тағзым ету рәсімі «Бақыт құшағында» атты гала-концертке ұласты. Онда сазгердің қазақ ән өнерінің алтын қорына енген таңдаулы шығармалары шырқалды.

МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Жылдағы дәстүрге сай концертті бастамас бұрын Шәмші атамыздың рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімін өткіздік. Сонымен қатар, қаламыздың барлық мәдени орындарында Шәмші әндерінің челленджі жүрді. Сондай-ақ іс-шаралар, кештер, танымдық сағаттар өтті».

 Музыкалық кеште өнерпаздар «Қайықта», «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Дүңген қызы» және «Сыған серенадасы» сынды танымал әндерді жанды дауыста орындады. Оларды ұлттық аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестр сүйемелдеді.

АҚЕРКЕ ИБРАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Шәмші атамыздың туған күні керемет өтуде. Кешке үлкен-кіші бәрі келіп жатыр. Мен де балапандарымды алып келдім. Орта және кіші буындар білсін дедім Шәмші атамыздың қандай әндері бар екенін, мәдениетімен, лирикалық әндерімен таныссын дедім».

 Екі бөлімді гала-концерт әнұран авторының есімімен аталған гүлзарды әсем әуенге бөлеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй мен рухани әсер сыйлады. Шәмші Қалдаяқовтың әндері – бір дәуірдің ғана емес, бірнеше ұрпақтың рухани жүгін арқалаған асыл мұра.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар