Негізгі Жаңалықтар «ШЫМҚАЛА КЕШТЕРІ»: ЕРТЕГІ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ

«ШЫМҚАЛА КЕШТЕРІ»: ЕРТЕГІ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ

«Шымқала кештері» балаларға тағы да қуаныш сыйлады. Қалада дәстүрлі жазғы концерттік бағдарлама жалғасуда. Кезекті мәдени кеш Этноауыл алаңында өтіп, тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кештің көркін қалалық қуыршақ театрының әртістері қыздырды. Олар балаларға ән мен күйден шашу шашып, ертегі әлеміне жетеледі. Жас көрермендер Оспанхан Әубәкіровтің «Қожа мен спорт» шығармасы негізінде сахналанған қойылымды тамашалады.

МАҚПАЛ МАЛДЫБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
Әр сенбі сайын қала саябақтарында, бүгін Этноауылда Оспанхан Әубәкіровтің «Қожа мен спорт» қойылымымен келіп отырмыз. Бұл қойылымды сахналаудағы мақсатымыз – кішкентай көрермендерді жалқаулықтан арылып, жақсы әдеттерге, спортқа баулу. Жалпы, жаман қасиеттерден арылып, жақсылыққа тәрбиелеу.

Қойылымнан кейін сахнаға қуыршақ театрының кейіпкерлері шығып, балаларға арналған концерттік бағдарлама ұсынды. Әртістер бүлдіршіндермен бірге ұлттық ойындар ойнап, би биледі. Көңілді кешке көрермендер де белсене қатысты.

 САНДУҒАШ ҚАЛЫБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Этноауылға бірінші рет келіп тұрмыз. Өте қуаныштымын, төрт баламмен келдім. Бүгін қуыршақ театры келіп, балаларға ерекше көңіл күй сыйлап жатыр. Балалар эмоциясын жасыра алмай жатыр, өте қызықты болып жатыр. Осындай жерлердің ашылғанына қуаныштымын.

 Қуыршақ театры әртістерінің өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Этноауыл алаңы баланың шат күлкісіне толды. Қала тұрғындары мен қонақтары ертегі әлеміне саяхат жасап, көңілді кештің куәсі болды.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар