Негізгі Жаңалықтар ШЫМКЕНТТІК МЕРГЕНДЕР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

ШЫМКЕНТТІК МЕРГЕНДЕР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Шымкенттік мергендер кезекті рет халықаралық аренада ел намысын биікке көтеріп, қала абыройын асқақтатты. Гванчжу, Бангкок қалаларында өткен Әлем чемпионаты мен Азия кубогында үздіктер қатарынан көрінген спортшылар елге олжамен оралды. Жеңімпаздарды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы арнайы қабылдап, қаржылай сыйақы табыс етті.


 Бұл дүбірлі додаларда шымкенттік мерген Роксана Юнусова ерекше шеберлігімен көзге түсті. Ол Гванчжуда өткен Әлем чемпионатында командалық сайыста қола жүлдені еншілеп, ел мерейін үстем етті. Спортшы бұл жетістігімен шектелмей, Бангкокте ұйымдастырылған Азия кубогында да топ жарып, алтын медаль жеңіп алды.


РОКСАНА ЮНУСОВА, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ
Шын мәнінде, бұл жетістікке жету оңай болмады.Біздің команда жеңіске жету үшін ұзақ дайындалды.Бұл жолда жаттықтырушыларымыз да жігер берді.Қазір жақында өтетін Азия ойындарына дайындық жүргізіп жатырмыз.Жеңіске жетеміз деген үміттемін.


 Сондай-ақ Азия кубогында классикалық садақ атудан Дастан Каримов пен Диана Тұрсынбек те қарсыласқа шақ келтірмей, командалық есепте жеңімпаз атанды. Ал пара садақ атудан өткен Азия кубогы бәсекесінде қала намысын қорғаған Жанат Айтімова мен Айым Сейдахметова да кәсіби шеберлінін танытып, күміс жүлдені қанжығаларына байлады.


ДАСТАН КАРИМОВ, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ
 Жалпы сайыс жоғары деңгейде өтті.Спортшылар жақсы дайындықпен келген.Жеңіске жету оңай болған жоқ. Ұзақ әрі жүйелі дайындықтың арқасында командалық есепте жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орынның біріне қол жеткіздік.


Халықаралық жарыстарда топ жарған спортшыларды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы қабылдады. Ол мергендерді жеңісімен құттықтап, қаржылай сыйақы табыстады.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біздің Шымкент қаласында да спорт саласы қарқынды дамуда.Үкімет тарапынан қолға алынған жобалардың бәрі орындалып отыр.Спортшыларымыз елдің, тіпті Азия мен әлемнің үздік спортшылары қатарында.Бұдан әрі де әлем чемпионатында, олимпиадаларда біздің спортшылар топ жарып шығады деп сенеміз.


 Қазір спортшылар қыркүйек айында өтетін Азия чемпионатына қызу дайындық жүргізіп жатыр. Алдағы жарыста қала намысын абыроймен қорғап, жеңімпаз атануға үмітті.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар