СТУДЕНТТЕРГЕ ӨТЕМАҚЫ
Қазақстандық кейбір студенттер жатақханада тұру шығынының өтемақысы ретінде жылына 100 мың 50 теңгеге дейін ала алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің Telegram арнасында жазды.
Өтемақы студенттердің бірнеше санатына қарастырылған. Оған жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар студенттер, бала кезінен мүгедектігі бар студенттер үміткер бола алады. Берілетін өтемақы мөлшері 29 АЕК-ке дейін, яғни жылына 100 050 теңге болады. Мемлекеттік қолдау тек бірінші курс студенттерімен шектелмейді. Аталған санаттағы студенттер өтемақыны екінші және үшінші курстарда да ала алады. Осылайша, студенттердің жатақханада тұру шығынын ішінара өтеуге арналған қаржылай көмек бірнеше жыл бойы беріледі. Бұл шара әлеуметтік осал топтарға жататын студенттерді қолдауға бағытталған.