276 МЫҢНАН АСТАМ ВЕЙП ТӘРКІЛЕНДІ
Елде электронды тұтыну жүйелерінің айналымына тыйым салынған. Алайда вейптерді Қазақстанға заңсыз әкеліп, сату схемалары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі тыйым салынған өнім саудасының 25 дерегін тоқтатты.
Агенттіктің мәліметінше, вейптердің негізгі тұтынушылары жастар мен кәмелетке толмағандар. Қазіргі таңда 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ
Қарағанды облысында Telegram-да вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Олар төрт қойманы, интернет-дүкен операторларын және курьерлерді пайдаланып, заңсыз схема құрған. Тінту кезінде құны 340 млн теңге болатын шамамен 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және сату, сондай-ақ мұндай әрекеттен түскен табысты заңдастыру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады