«ТАЗА ҚАЛА» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОНКУРСЫ БАСТАЛДЫ
Шымкентте «Таза қала» экологиялық конкурсы басталды. Жоба маусымнан желтоқсанға дейін жалғасып, қаланың барлық бес ауданын қамтиды. Байқауда тұрғындар өзара бақ сынап, ең таза әрі көрікті ауланы, көшені және көпқабатты тұрғын үйді анықтайды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы табысталады. Бастамаға қалалық Ішкі саясат басқармасы мен Шымкент қаласының Азаматтық альянсы ұйытқы болып отыр.
Тазалық – ауладан басталады. Шымкентте дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан экологиялық байқау биыл да жалғасын тапты. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Алдымен қатысушылар аудандық деңгейде, кейін қалалық кезеңде бақ сынайды. Бірінші кезеңде тұрғындар «Үздік аула», «Үздік көше» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» номинациялары бойынша сынға түседі. Әр ауданда аталған номинациялар бойынша жеңімпаздарға 300 мың теңгеден сыйақы беріледі. Үздік шыққандар қалалық кезеңге жолдама алады. Ал финалдық кезеңде қатысушылар «Үздік аула сыпырушысы», «Үздік аула», «Үздік көше» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» номинациялары бойынша бақ сынайды. Қалалық кезеңде бірінші орынға – 500 мың, екінші орынға – 250 мың, үшінші орынға – 125 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.
ҚАЙРАТ БИТАСОВ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайды. Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы аудандық кезеңде арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталады. Ал финалға жолдама алғандар қалалық кезеңде бақ сынайды.
Жоба тек үздікті анықтап, сыйақы табыстауды көздемейді. Жеңімпаздар алған қаражатын өз аумағын абаттандыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағыттауы тиіс.
ҚАЙРАТ БИТАСОВ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Жеңімпаздар алған қаражатты өз көшелерін одан әрі абаттандыруға, экологияны дамытуға арналған құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсайды деген шарт қойылған.
Ал байқау жеңімпаздарын арнайы құрылған әділқазылар алқасы анықтайды. Сарапшылар аулалар мен көшелердің тазалығын, абаттандырылуын және жалпы көрінісін бағалап, үздіктерді саралайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, қаланың көркеюіне серпін береді.