40 ОТБАСЫҒА ЖАҢА БАСПАНА БЕРІЛДІ
Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 40 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелерін қуанышымен құттықтады. Көп қабатты тұрғын үйлер Бозарық шағынауданында орналасқан.
Шымкент қаласының тұрғыны Гүлмира Усманова тоғыз жылдан бері баспаналы болуды армандапты. Үй кезегіне тіркеліп, мемлекеттің мүмкіндіктерін де саралаған. Қуанышқа кенелген көпбалалы ана осы айда Бозарық шағынауданына қоныстанады.
ГҮЛМИРА УСМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
2017 жылы үй кезекке тұрдым. Бұл баспанаға мен көпбалалы ана ретінде тұрдым.Үш қыз, екі ұлым бар. Естіген кезде шынымды айтсам, сенбедім.Көзіме жас алып, аяқ-қолым дірілдеді қуаныштан.
Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда шаһарда 92 мыңға жуық адам үй кезегінде тіркелген. Оның 36 мыңға жуығы – әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Бұл пәтерлер Бозарық шағынауданында орналасқан.Жалдамалы негізде сатып алу құқығымен берілді. Биыл беріледі деп жоспарланған 7000-нан астам пәтердің 3371-і тұрғындарға берілді.
Шымшаһарда баспана беру ісі жүйелі түрде жалғасуда. Былтырдың өзінде осы санат бойынша 1 500 азамат жаңа пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Олардың арасында жалдамалы тұрғын үйді сатып алу құқығымен рәсімдегендер де, ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болғандар да бар.