Негізгі Жаңалықтар АУДАН АУЛАЛАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

АУДАН АУЛАЛАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

Көшелері көркейген Шымкентте аулаларды абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Бір ғана Әл-Фараби ауданында 182 көппәтерлі тұрғын үйдің аулаішілік жолдарына 2600 тонна асфальт төселген. Сонымен қатар жарықтандыру, абаттандыру және «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында бірқатар игі іс жүзеге асырылуда. Ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар баспасөз брифингінде баяндалды.


Әл-Фараби ауданында 17 шағын аудан және 1 елді мекен бар. Мұнда 931 көппәтерлі және 16 663 жеке тұрғын үй орналасқан. Аудан аумағы ауыз сумен, электр жарығымен және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған. 931 көппәтерлі тұрғын үй 628 аулаға біріктірілген. Қазіргі таңда осы аулаларды абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылуда.


ЕРЖАН ЕРЛАНҰЛЫ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
2025 жылы 38 аулада абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар 2 спорт алаңшасы салынды. Биыл 45 аулада абаттандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.


2025 жылы тиісті басқарма тарапынан 113 көшеге асфальт төсеу және жол жабынын жаңарту жұмыстары жүргізілген. Биыл тозығы жеткен 49 көшеде асфальт жабынын жаңарту жоспарланған. Қазіргі таңда 30 көшеде жұмыстар толық аяқталса, 3 көшеде асфальт төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ауданда көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы аулаішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да қарқын алған.


ЕРЖАН ЕРЛАНҰЛЫ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
182 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларындағы ойылған жерлерді қалпына келтіру үшін 2600 тонна асфальт қабылдаған болатынбыз. Ағымдағы жылға шамамен 100 мекенжайдағы аулаішілік жолдарға 2000 тонна асфальт төсеу жоспарланды. Қазіргі таңда 63 ауладағы ойылған жерлер қалпына келтірілді.


 Еңісте орналасқан Шымкент үшін сапалы ирригациялық жүйенің маңызы зор. Өткен жылы аудандағы 17 көшеге ирригациялық арық жүйелері орнатылды. Биыл тағы 27 көшеге арық жүйесін орнату жоспарланған. Қазіргі таңда 11 көшеде жұмыстар толық аяқталып, 3 көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда.



Бөлісу

Аймақтық телеарналар