ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ
Қыстың қамын жаз ойла! Қаратау ауданында көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінде баспаналардың 64 пайызы қысқа дайын. Бұл туралы аудан әкімі Алмас Абаев БАҚ өкілдеріне берген брифингте мәлімдеді. Сонымен қатар, ауданда атқарылған өзге де жұмыстарды баяндады.
Қаратау ауданында барлығы 668 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 541-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, ал 127 үй автономды жүйемен жылытылады. Орталық жылу жүйесіне қосылған 541 тұрғын үйдегі сығымдау жұмыстарын 19 қызмет көрсетуші ұйым жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 348 көпқабатты тұрғын үй жылыту маусымына дайын. Сығымдау жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Қыс қамына ерте кірісуге себеп те бар. Былтыр Нұрсат және Астана шағынаудандарындағы жылу жүйелерінде авариялық жағдайлар болған.
АЛМАС АБАЕВ, ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Былтыр ауданымызда Нұрсат және Астана шағынаудандарында жылу жүйесінде авариялық жағдайлар болған болатын. Биыл мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында Энергетика басқармасы қаражат бөліп, «НұрӘлем» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Қазіргі таңда Нұрсат шағынауданында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды.
Ауданда ауыз сумен қамту көрсеткіші 99 пайызды құрайды. 2026 жылы бір елді мекеннің жеке меншіктегі ауыз су жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Ал тағы бір елді мекеннің жеке меншіктегі ауыз су жүйелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, үш елді мекенді мемлекеттік ауыз су жүйесіне қосу бағытында жұмыстар атқарылуда.
АЛМАС АБАЕВ, ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Достық тұрғын алабындағы «Теміржолсу Арыс» ЖШС-нің меншігіндегі ауыз су жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Қазіргі таңда Шапырашты тұрғын алабындағы «Сайрам тазалық» ЖШС-нің меншігіндегі ауыз су жүйелерін қаланың коммуналдық меншігіне қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 26 балалар ойын алаңын орнату жоспарланған. Оның 20-сы жеке секторда, 6-уы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасады. Қазіргі таңда 17 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталған. Бұдан бөлек, 2026 жылы ауданда 5 спорт алаңын салу жоспарланған. Оның 4-еуі жеке секторда, 1-еуі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында салынады. Қазіргі таңда бір спорт алаңы пайдалануға берілді.