Негізгі Жаңалықтар ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА – ЖАҢАРҒАН МЕКТЕП

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА – ЖАҢАРҒАН МЕКТЕП

Күрделі жөндеуден өткен жеті білім беру нысаны жаңа оқу жылына толық дайын! Қазір мектеп аулаларында абаттандыру жұмыстары аяқталып жатыр. Ал білім ордасының басшылары 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға ешқандай кедергі жоқ екенін айтады.


Бұл – Қаратөбе елді мекеніндегі М. Әуезов атындағы №96 жалпы білім беретін мектеп. Мұнда мамыр айынан бері құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Білім ордасы 1999 жылы пайдалануға берілген. Содан бері мұнда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл күрделі жөндеуден өтіп, мектеп ғимараты заман талабына сай толық жаңартылды.


ҰЛЫҚБЕК ЮНУСМЕТОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ
Қазіргі таңда тек газон егу жұмыстары қалды. Басқа ішкі жұмыстардың барлығы аяқталды. Бұл жерде мектептің тек қабырғалары ғана қалған еді. Едені, шатыры, есік-терезелері түгел ауыстырылды. Инженерлік желілері, су, жарық, кәріз және жылу жүйелері толық жаңартылды. Қазір газондарға автоматты суару жүйесін орнатып жатырмыз. Бүгін-ертең автосуару жұмыстары аяқталады. Одан кейін газон егіп, қыркүйекке дейін барлық жұмысты аяқтаймыз.


Мектептің барлық коммуникациялық және инженерлік жүйелері толығымен жаңартылған. Жылу қазандығы мен электр трансформаторы да ауыстырылды. Жоба аясында жаңа спорт алаңы салынып, ойын элементтері орнатылған. Қазір мектеп ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


 ДӘУРЕНБЕК ӘБДІҒАЛИ, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ №96 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ
 Әсіресе қыс кезінде, жылыту маусымында қатты қиналатын едік. Бұрынғы жылу қондырғысы 5 мың шаршы метрге дейін ғана жететін. Қазір 8 мың шаршы метрге арналған жаңа қазандық орнатылды. Сонымен қатар, мектептің ішіндегі кәріз жүйесі орталықтандырылған жүйеге қосылды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи турникет орнатылып, көптеген бейнебақылау камералары қойылды.


Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 514 миллион теңге. Нысанда 150-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Мектеп директорының айтуынша, 1 қыркүйекте жаңарған білім ошағы 786 оқушыға есігін айқара ашады.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар