ШЫМКЕНТТЕ БАНАН БАҒЫ ЖАЙҚАЛЫП ТҰР
Шымкенттік шаруалар экзотикалық жеміс өсіруді табысты кәсіпке айналдырып отыр. Аумағы 5 гектардан асатын жылыжайдан ел нарығына жылына мың тоннаға дейін банан жеткізілмек. Бұдан бөлек, тропикалық бақ туристер үшін де тартымды орынға айналған. Толығырақ Қанат Жолдасбек тарқатып айтады.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Істің көзін тапсаң, Шымкентте де банан өседі. Оңтүстік халқы енді тропикалық жемістерді Африкадан тасып әуре болмайды. Цитрустық және экзотикалық өсімдіктер мегаполистің жылыжайларында да жайқалып тұр.
5,5 гектар аумаққа 8 мың түп банан егілген. Аптасына 4,5 тонна өнім алынады. Көк күйінде жиналған жеміс бірден жеуге жарамды емес. Алдымен арнайы камерада өңделіп, пісіріледі.
КАРИНА МАМЕДОВА, ГИД-ЭКСКУРСОВОД
Әлі дайын емес. Бұны көк күйінде алып кетеміз. Жуамыз, тазалаймыз. 02:14–01:22 Мұны біз камераға алып барамыз. Ол жерде бір апта тұрады. Өзі сарғаяды. Сол кезде барып жеуге жарамды болады.
Бұрын-соңды Оңтүстік топырағында өсірілмеген экзотикалық жеміс тұрғындарға да, туристерге де таңсық. Бананның өсу барысын қызықтап, арнайы келетіндер көп. Жылыжай қызметкерінің айтуынша, мұнда күніне шамамен 100–150 қонақ келеді. Олардың арасында шетелдік туристер де бар.
СЕЗІМ МЫРЗАЛИЕВА, ТУРИСТ
Әлеуметтік желіден көріп, арнайы келдім. Көңілімізден шықты. Ойдағыдай екен. Керемет сезім береді. Дәмі ерекше. Дүкен сөрелеріндегі бананнан айырмашылығы – бұл жақтағы бананның дәмі қанық екен. Гид қасымызда жүріп, оның қалай және қанша уақытта өсетінін түсіндіріп жатыр.
Жылыжай толық автоматтандырылған. Мұнда климаттық бақылау жүйесі жұмыс істейді. Қыста ауа температурасы 18 градус, жазда 30 градусқа дейін сақталады. Бір алқаптан жылына екі рет өнім алынады. Экзотикалық жемісті 15 адам күтіп-баптайды. Ал жиын-терім кезінде қосымша 40 жұмысшы жұмылдырылады. Инвестициялық жобаға 1 миллиард теңге қаржы салынған. Жылына мың тоннаға жуық өнім жиналады.
ИСЛАМ ӘЛИЕВ, ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Бұл өсімдік бір рет егілгеннен кейін 15–17 жылға дейін өнім береді. Бір еккеннен кейін өнім ала береміз. Қазір адамдардың қызығушылығы артып жатыр. Келуге бола ма деп хабарласып жатқандар көп. Мектеп оқушылары да келіп жатыр. Күніне 100–150 адам келеді, одан да көп болатын кездер бар. Өйткені халық енді-енді біліп, түсініп жатыр.
Өнімдер әзірге тек Шымкент базарларында саудаланады. Логистикалық шығын аз болғандықтан, бағасы импорттық жемістерге қарағанда қолжетімді. Енді кәсіпкер жылыжай аумағын ұлғайтып, экзотикалық жемістердің жаңа түрлерін жерсіндіруді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта бананмен қатар ананас, авокадо, манго және кокос пальмасын өсіру көзделген. Осылайша, ауқымды жоба ішкі нарықты отандық өніммен қамтып қана қоймай, агротуризмнің дамуына да серпін бермек.