Негізгі Жаңалықтар ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ – НАЗАРДА

ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ – НАЗАРДА

«Әділет» партиясының өкілдері Қызылжар елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, халықтың ұсыныс-пікірін тыңдады. Жүздесудің басты мақсаты – тұрғындарды толғандырған мәселелерді талқылап, партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттарды таныстыру. Жайлы орта қалыптастыру, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілмек.

Тұрғындар аула мен көше инфрақұрылымын жақсарту, жолдардың жағдайы, қоғамдық көлік, абаттандыру, инженерлік-коммуналдық желілерді жаңғырту, ауызсу, жылу және электрмен қамту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және тұрғын үй мәселелері де назардан тыс қалмады. Құрылтай депутаттығына үміткер Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасы тек экономикалық өсімге емес, әділетті қоғам қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін тең қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламадағы маңызды бағыттардың бірі – әр отбасының баспаналы болуына жағдай жасау. Осы мақсатта қолжетімді тұрғын үймен қамту, жаңа тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру және инфрақұрылымы дайын аумақтарды дамыту ұсынылады. Сонымен қатар бір азаматқа шаққандағы тұрғын үй көлемін 30 шаршы метрге дейін жеткізу көзделген. Жүздесу соңында «Әділет» партиясының өкілдері тұрғындарды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар