Негізгі Жаңалықтар ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Қазір қаладағы білім беру ұйымдарында дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл бірқатар мектеп күрделі жөндеуден өтіп, оқушыларды жаңарған ғимаратта қарсы алуға дайын.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Биыл қалада бірнеше мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Солардың бірі – №41 мектеп-лицейі. 1985 жылы пайдалануға берілген білім ордасында осы уақытқа дейін тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген. Ал биыл ғимарат толық жаңғыртудан өтті. Мектептің инженерлік инфрақұрылымы түгел ауыстырылып, жылу қазандығы мен электр трансформаторы жаңартылды. Спорт алаңы салынып, балаларға арналған алаңқайлар бой көтерді . Қазір білім ошағының ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


АЙНА САРЫМСАҚОВА, №41 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Күрделі жөндеуге тек қана мектептің іші ғана емес, бүкіл инфрақұрылым, мектептің ауласы, алаңшасы, жылу жүйесі де кіреді.Енді қыста ешбір мәселе туындамайды деп ойлаймын.Балалар жылы әрі заманауи мектепте білім алады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Жобаның жалпы құны 959 миллион 530 мың теңгені құрайды. Жаңа оқу жылында мұнда 1800 оқушы білім алып, 160 мұғалім қызмет атқарады.


 БЕГАЛЫ ЮНУСОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ
Осы үш ай ішінде осы мекемені  бұзып, қайта соқтық. Енді іштегі жұмыстар бар, парталарды алып кіріп жатырмыз.Сырттағы абаттандыру жұмыстары да бар.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Қаладағы іргелі оқу ордаларының бірі №46 мектеп-лицейі де биыл күрделі жөндеуден өтті. 1986 жылы бой көтерген нысанда 2700 оқушы білім алады. Мамыр айында басталған құрылыс жұмысының нәтижесінде ғимараттың сыртқы бөлігі толық жаңартылды. Бұл үшін қазынадан 478 миллион теңге бөлінді.


ГҮЛЖАН ИБРАГИМОВА, №46 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Мектеп ғимараты 1986 жылы соғылған.Күрделі жөндеу 2014 жылы ішкі бөлікке жүргізілген.Биыл мектептің шатыры мен фасадына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Бірінші қыркүйекте балаларды қабылдауға толық дайынбыз.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Қазір қос білім ошағында да абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңарған мектептер жаңа оқу жылында оқушыларға жайлы жағдай жасап, сапалы білім алуға қолайлы орта қалыптастырмақ.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар