Негізгі Жаңалықтар БІЛІМ САПАСЫ НАЗАРДА

БІЛІМ САПАСЫ НАЗАРДА

Еліміздегі мектеп оқушыларының әр жетіншісі – Түркістан облысының тұрғыны. Бала саны көп өңірде білім сапасына басымдық берілуде. Түркістанда «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында облыстық тамыз конференциясы өтті.


Дәстүрлі жиын аясында білім саласындағы инновациялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Конференцияға өңір басшысы, білім саласының мамандары, педагогтер, мектеп директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Жиында жаңа оқу жылына дайындық, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу мәселелері талқыланды.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алады. Жаңа оқу жылында облыс бойынша 1-сыныпқа 50 мыңнан астам бала қабылданады. Яғни, Қазақстандағы әрбір жетінші оқушы – Түркістан облысының тұрғыны. Бұл көрсеткіш үлкен жауапкершілік пен ауқымды міндеттер жүктейді. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, балаларымызға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыру – әкімдік жұмысының негізгі бағыттарының бірі.


Биыл білім беру ұйымдарын заманауи әрі сапалы жиһазбен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Оның есебінен 75 мың жаңа парта мен 10 мың тақта сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында 266 психологиялық кабинет заманауи талаптарға сай жабдықталды.


 ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен білім саласында жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын бес ірі жоба жүзеге асырылды. Ауыл мектептері физика, химия және биология пәндеріне арналған кабинеттермен жабдықталуда. 4 600 педагог біліктілігін арттыруда.


 Дәстүрлі тамыз конференциясында білім саласының үздік мамандары да марапатталды. Іс-шара барысында бірқатар педагогке «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдері, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар