Негізгі Жаңалықтар СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Спорт – салауатты өмір салтының серігі әрі денсаулықтың кепілі. Түркістанда бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән беріліп, спорттық инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалада Спорт күніне орай мерекелік шара өтіп, үздік спортшылар мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді.


Спорт күні – күш пен төзімділіктің, жылдамдық пен ептіліктің, жігер мен жеңістің мерекесі. Бұл – кәсіби спортшылардың ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанатын әр азаматтың мерекесі. Елімізде ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазақстандық спортшылар әлем чемпионаттары, құрлықтық турнирлер мен Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғап жүр. Түркістан қаласында да спортшылар мен сала ардагерлеріне айрықша құрмет көрсетіледі.


 ҚАДЫРБОЛАТ МҰСАҒАЛИЕВ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Түркістан қаласында спорт саласында қызмет етіп жүрген спортшыларымызды, осы саланы дамытуға сүбелі үлес қосқан ардагерлерімізді марапаттап, оларға ыстық ықыласымызды білдіру мақсатында ұйымдастырып жатырмыз. Қалада спорт саласы қарқынды дамып келеді.


Кәсіби мерекеде спортшылардың еңбегі еленді. Спорттың дамуына сүбелі үлес қосқан сала ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Үздік спортшылар мен мамандар қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.


 НӘЛІБАЙ ДӘРІБАЕВ, АРДАГЕР СПОРТШЫ
Түркістан қаласында спорт жақсы дамып келеді. Қалада көптеген кіші спорт алаңдары салынып, жастарымыз спортқа қызығып өсіп келеді. Бізде үлкен футболдың дамуы сәл кешеуілдегенімен, кіші футбол қарқынды дамып келеді.


2026 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша облыс спортшылары 876 медаль жеңіп алды. Оның ішінде әлем чемпионаттарында – 15, Азия чемпионаттарында – 66, Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 795 медаль иеленді. Бұдан бөлек, облыс спортшылары ел намысын әлемдік және құрлықтық деңгейдегі ірі жарыстарда қорғау үшін 60 лицензия жеңіп алды. Жеңімпаздар қатарында Түркістан қаласының талантты жастары да бар.




Бөлісу

Аймақтық телеарналар