60 ЖЫЛДАН АСА ТАРИХЫ БАР БАЛАБАҚША
Шымкентте 60 жылдан астам тарихы бар балабақша жұмыс істейді. Жуырда күрделі жөндеуден өткен мекемеде 16 топта 340 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларға 36 педагог тәлім береді. Балалардың бойына ұлттық құндылықтар мен рухани байлықты сіңіруді басты орынға қойған ұжым бүлдіршіндерге ертегі, аңыз-әпсаналарды үйретіп, спортқа баулиды және салауатты өмір салтын дәріптейді.
Бұл – «Ақ көгершін» балабақшасының күрделі жөндеуге дейінгі көрінісі. 63 жылдық ғимарат әбден тозып, төбесі қақыраған. Шатырдан су өтіп, едендер ылғалданған. Ал күрделі жөндеуден кейін мекеме адам танымастай өзгерді. Ғимарат заман талабына сай жаңартылып, балалардың жатын бөлмелері де қайта жабдықталды.
ЖҰМАҒҮЛ ШЕГЕБАЙҚЫЗЫ, «АҚ КӨГЕРШІН» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
– «Әбден тозғы жеткен, күрделі құрылыстан өтпеген балабақша еді. Ал бүгін стандартқа сай, өте көркем!» «Балаларға қолайлы жағдай жасалған!»
Гүлмира Сенгерованың бес баласы да осы балабақшада тәрбиеленген. Қазір кенже баласы осында барып жүр. Айтуынша, бөбекжайда балаға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Күрделі жөндеуден кейін жатын бөлмелер, асхана, ойын алаңдары секілді нысандар жаңарған. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдамайтынын айтады.
ГҮЛМИРА СЕНГЕРОВА, АТА-АНА
– «Көңілім толады. Өте керемет. Апайлары да жақсы. Барлығы қамтамыз етілген қажеттінің. Балам қуана келеді балабақшаға. Өзім де қуаныштымын.»
Ойын алаңдары балаларға толы. Жүгіріп, ойнап, дене шынықтырып жүрген балғындар көп. Бүлдіршіндерге күніне үш мезгіл тамақ беріледі. Шахмат, гимнастика, каратэ сынды тегін үйірмелер де жұмыс істейді.
КӨЗАЙЫМ ЖҰМАБАЙ, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ
– «Маған балабақша ұнайды. Мұнда әртүрлі ойындар бар.»
Балабақша меңгерушісінің айтуынша, мекеме жаңа оқу жылына толық дайын. Мұнда жас өрендердің санасына ұлттық құндылықтар мен рухани байлықты сіңіру басты мақсаттардың бірі.