Негізгі Жаңалықтар «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» — БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» — БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

«Заң мен тәртіп» – баршамызға ортақ міндет. Шаһардағы демалыс орындарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру бағытында кезекті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға Жастар ресурстық орталығының белсенділері, құқықтық уәкілдер мен полиция қызметкерлері қатысты.


Іс-шара «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастырып, тұрғындардың күнделікті өмірде өз құқықтарын сенімді қорғауына бағытталған. Демалыс орындарындағы түсіндіру жұмыстары барысында қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау мәселесіне де назар аударылды.


 НҰРЛАН ӘЛЖАНҰЛЫ, ҚР АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ӨКІЛДІГІНІҢ ЗАҢГЕРІ
 Негізінде, бұл іс-шара Шымкент қаласы тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткі қылмысына, алаяқтыққа және киберқылмысқа қарсы ақпараттандыру мақсатында жүргізіліп жатыр. Халыққа конституциялық құқықтарын түсіндіру, құқық қорғау және мемлекеттік өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қалпына келтіру бағытында жұмыс атқарып келеміз.


Мамандар тұрғындарға қоғамдық орындарда жүріп-тұру ережелері мен құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар азаматтарға құқықтары мен міндеттері жазылған ақпараттық брошюралар мен жадынамалар таратылды. Заң талаптарын сақтау, қаржылық алаяқтықтың алдын алу, есірткі қылмысының қоғамға зияны және жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кең көлемде ақпарат берілді.


ҚУАНЫШ СЕРІКБАЙ, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл жерде тек кездесу форматымен шектелмей, жастарға түсінікті болуы үшін «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жоғары оқу орындарының студенттері, колледждер мен мектеп оқушылары арасында квиз ойындарын өткіздік. Жалпы заңдылық пен құқықтық сауаттылықты жеңіл әрі түсінікті түрде жеткізу үшін түрлі форматтағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.


 Бұл күні ұйымдастырушылар қаладағы киім-кешек дүкендерін де аралап, есірткі өсімдіктері бейнеленген киімдерді сатуға болмайтынын түсіндірді. Себебі есірткі заттарын насихаттайтын атрибутика мен бейнелер – жай ғана тренд немесе сән емес, заң бұзушылық. Мұндай киімдерді сатуға да, киіп жүруге де тыйым салынған.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар