993 АДАМНЫҢ ІСІ ҚЫСҚАРТЫЛДЫ
Шымкентте әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 993 адамның ісі қысқартылды. Рақымшылықты Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен аумақтық мемлекеттік кірістер басқармалары жүзеге асырды. Мемлекет басшысы 2026 жылғы 1 шілдеде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойды. Құжат 2 шілдеден бастап заңды күшіне енді.
Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық Қазақстан Республикасының азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қолданылады. Осы шараны іске асыру барысында жалпы сомасы 80 млн теңгеден астам айыппұл кешірілді.
АРМАН РАТ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде департаментте бір мыңға жуық әкімшілік іс тоқтатылды.»
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларының үйлесімді жұмысының арқасында рақымшылық бір айға жетпейтін мерзімде іске асырылды. Азаматтардан ешқандай өтініш талап етілген жоқ. Олар мемлекеттік органдарға бармады, құжат жинамады және өзге де бюрократиялық рәсімдерден өткен жоқ. Мемлекет басшысының бастамасымен қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған жобалар да жүзеге асуда.
АРМАН РАТ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру барысында Шымкент қаласының прокуратурасымен бірлескен жұмыстар жоспарлануда. Мақсат – қоғамдағы азаматтардың құқықтық мәртебесін көтеру.
«Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыттарының бірі. Аталған қағидатқа конституциялық мәртебе берілуі оның мемлекет пен қоғам өміріндегі айрықша маңызын және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі шешуші рөлін көрсетеді.