Негізгі Жаңалықтар БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ –БАСТЫ НАЗАРДА

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ –БАСТЫ НАЗАРДА

Ажал айтып келмейді. Ала жаз бойы төтенше жағдайлар қызметінің жедел желісіне түсетін суық хабар жиілеген. Соңғы үш жылда елімізде 104 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап, көз жұмған. Ал 600-ге жуық бүлдіршін түрлі жарақат алған. Мамандар мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігі ата-ананың салғырттығы салдарынан болатынын айтады. Осыған байланысты бүгін Тұран аудандық әкімдігі мен төтенше жағдайлар басқармасының мамандары бірлесіп, рейд жұмысын өткізді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
 Жауапсыздықтың соңы – жазатайым жағдай. Соңғы үш ай ішінде Тұран ауданында 3 бала терезеден құлап кеткен. Рейд барысында мамандар тұрғындармен кездесіп, балалардың терезеден құлау қаупінің алдын алу жолдарын түсіндірді. Қауіпсіздік талаптары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылып, қарапайым сақтық шаралары қайғылы жағдайдың алдын алатыны айтылды.



ДИАС МАҚҰЛБЕК, ТҰРАН АУДАНЫ ТЖБ ОФИЦЕРІ
Тұран ауданының аумағында балалардың терезеден құлап қаупін алдын-алу бойынша түсіндірме жұмысын жүргізіп жатырмыз.Бүгін 100-ге жуық үй қамтылды.Екі отбасыға терезеге бекіткіш құралын орнатып бердік.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Бір сәттік салғырттық бүтін бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін. Сондықтан құтқарушылар ата-аналарды барынша сақ болуға шақырады. Мамандардың айтуынша, терезеге арнайы бекіткіш орнату – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолдарының бірі.


ДАЯНА ЗУЛПУХАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгін төтеншеліктер бізге ақпараттық жадынама таратып, қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.Терезеге бекіткіш орнатты.Менің бір балам бар, біз он үшінші қабатта тұрамыз.Сондықтан қауіпсіздік біз үшін де бірінші орында.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Төтеншеліктердің мәліметінше, терезеден құлап, жарақат алатындардың арасында 2 мен 7 жас аралығындағы балалар көп. Бұл жастағы бүлдіршін қауіптің салдарын толық түсіне бермейді. Сол себепті мамандар баланы терезе маңында қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп, терезеге арнайы қорғаныш бекіткіштер орнату маңызды.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар