26 МЫҢ АЗАМАТ БАНКРОТТЫҚҚА ӨТІНІШ БЕРГЕН
Қарызға белшесінен батып, берешегін өтеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға мемлекеттен көмек бар. «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңына сәйкес азаматтар соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш бере алады. Соңғы 3 жылда 26 мыңнан астам шымкенттік соттан тыс банкроттыққа өтініш берген.
2023 жылдан бері соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін 26 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 1829-ы қазір қаралуда. 4810 азамат банкрот деп танылған. Ал 19 мыңнан астам тұлғаның өтініші заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылған. Банкроттық рәсіміне өтініш беру үшін бірқатар талап қойылады.
ӘЛИЯ АРХАБАЙ, ДӘРМЕНСІЗ БОРЫШКЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Қарыз мөлшері 1600 АЕК-тен аспайтын міндеттемелердің болуы, яғни 2026 жылы 6 млн 920 мың теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүлік болмауы қажет. Кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша өтініш берілген күнге дейін қатарынан 12 ай бойы төлем жасалмаған болуы керек.
Банкрот деп танылған тұлғаға 5 жыл бойы банктерден және микроқаржы ұйымдарынан қарыз алуға тыйым салынады. Сонымен қатар банкроттық рәсімінен кейін 3 жыл бойы оның мүлік сатып алуына бақылау жүргізіледі.
ӘЛИЯ АРХАБАЙ, ДӘРМЕНСІЗ БОРЫШКЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Мысалы, 498 борышкердің мүлік сатып алуына байланысты соттан тыс банкроттық рәсімі тоқтатылды. Яғни олар банкрот деп танылмайды. Ал банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде ортақ бірлескен мүлікті сатып алу фактілері анықталған 110 банкрот бойынша банкроттық рәсімінің қорытындысы бұзылды.
Ал борышкердің қарызы 5 жылдан астам уақыт бойы өтелмеген жағдайда, бұл талаптарға қарамастан, банкроттық рәсіміне өтініш беруге құқығы бар. Мұндай жағдайда жоғарыда аталған шарттар ескерілмейді.