«SMART CITY HACKATHON 2026» ХАКАТОНЫ
Мегаполис тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға жас өнертапқыштар үлес қосады. IT мамандары жасанды интеллектке сүйене отырып, коммуналдық және көлік салаларына тың жобалар ұсынады. Озық идеялар Шымкенттегі Shymkent Hub алаңында өтіп жатқан «Smart City Hackathon 2026» хакатонында таныстырылуда.
Мамандар ұсынған жобалар Шымкенттің инфрақұрылымын жетілдіруге және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Еліміздің барлық өңірінен келген өнертапқыштар қаладағы өзекті мәселелерді өздері аралап, анықтайды. Сондай-ақ проблемаларды заманауи цифрлық технологиялар арқылы шешуге тырысады. Мәселен, Ақтөбеден келген Серік Сүндетов коммуналдық қызметтерге бірыңғай есептеу орталығын енгізбек.
СЕРІК СҮНДЕТОВ, IT МАМАНЫ
Мысалы, біз WhatsApp арқылы есептегіштің көрсеткішін жібереміз ғой. Біз WhatsApp-тан хабарламаны аламыз, сурет пен аудионы бірден оқиды, сөйтіп ортақ базаға жүктеледі. Тұтынушының бүкіл ақпараты болады.
Бұл жоба IT және кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға, сондай-ақ Шымкенттің стартап және технологиялық экожүйесін қолдауға арналған. Хакатон аясында қатысушылар жеті күн ішінде Шымкенттегі нақты мәселені анықтап, оған цифрлық шешім әзірлейді. Жұмыс істейтін MVP жасап, дайын жобасын келесі бағыттардың бірі бойынша ұсына алады: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, қауіпсіздік, экология және қалалық сервистер.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бізге алпыстан астам өтінім түсті. Соның ішінен іріктеліп, 20 команда келді. Бұл жарыста үздік шыққан командалардың жобаларының барлығы пилоттық жоба ретінде ұсынылатын болады.
Іс-шара барысында қатысушыларға өз идеяларын тәжірибеде сынақтан өткізуге, командамен жұмыс істеуге, MVP әзірлеуге және жобаларын кәсіби ортада таныстыруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар қатысушылар жаңа байланыстар орнатып, IT саласының өкілдерімен тәжірибе алмасады. «Smart City Hackathon 2026» – қатысушылар үшін жай ғана хакатон емес, қаланың нақты мәселелеріне технологиялық шешім ұсынуға мүмкіндік беретін ашық алаң.