Негізгі Жаңалықтар ЕРМЕК СЕРКЕБАЕВТЫҢ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ЕРМЕК СЕРКЕБАЕВТЫҢ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Әндерін бүкіл ел шырқаған. Әндерін бар қазақ ұйып тыңдаған. Шымкентте қазақтың көрнекті опера әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ермек Серкебаев – опера өнерінің дүлдүлі» атты әдеби-әуенді кеш өтті.

Кеш барысында Ермек Серкебаевтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы сыр шертіліп, оның қазақ өнеріндегі орны кеңінен сөз болды. Қатысушылар әншінің сахнадағы жарқын бейнесі мен ұлттық музыка мәдениетіне қосқан үлесіне тоқталды.

ЕРАЛЫ САДУАҚАСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Қазағым деп өткен азаматтардың бірі. Өскелең ұрпаққа дәріптеуіміз керек. Кеңес өкіметі кезінде қазақ операсын, қазақ өнерін дәріптеген.»

Рухани шараны Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі ұйымдастырған. Кеште қазақтың кәсіби опера өнерінің дамуына зор үлес қосқан әйгілі әншінің өмірі мен шығармашылық мұрасы насихатталды.

РАУШАН СҰЛТАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КӨПШІЛІК КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
«Бізде жыл басынан бері кітап көрмесі ұйымдастырылған. Ол кісінің қазақ өнеріне сіңірген еңбегін дәріптеп келеміз.»

 Бұл күні Ермек Серкебаев жайында деректі фильм көрсетілді. Өнерпаздың ел ішінде кеңінен таралған әндері шырқалды. Әдеби-әуенді кеш өнер тарланының рухани мұрасын ұлықтап, қазақ опера өнерінің тарихына деген қызығушылықты арттырған тағылымды шара болды.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар