ТҮРКІСТАНДЫҚ САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те өз таңдауын жасап, дауыс берді. Өңір басшысы облыс орталығында орналасқан №951 сайлау учаскесіне барып, саяси науқанға қатысты.
Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына түркістандықтар да белсенді қатысып жатыр. Дауыс берудің алғашқы сағаттарында тұрғындар ерекше белсенділік танытты. Азаматтар қоғамдық-саяси үдеріске атсалысып, өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыруда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров те қолына бюллетень алып, өз таңдауын жасады.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Мемлекет басшысының бастамасы – бір палаталы парламент. Бұл – жаңа кезең. Менің ойымша, әр азамат өз таңдауын жасауы керек.»
Түркістан облысы аумағында орналасқан 952 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады. Өңірде сайлауға қатысуға құқығы бар 1 миллион 204 мың азамат тіркелген. Бұл облыс халқының шамамен 56 пайызын құрайды.
НҰРАЛЫ ӘБІШОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Таңертеңнен бастап халық келіп жатыр. Біз де елмен бірге келдік. Отбасым да өз учаскелерінде таңдауын жасауда.»
Сайлау учаскелерінде дауыс беруге қажетті барлық жағдай жасалған. Учаскелер арнайы жәшіктермен, дауыс беру кабиналарымен, қажетті техникамен және ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. Түркістан қаласында 68 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. 136 мыңнан астам азаматтың дауыс беру құқығы бар.
ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Таңертеңнен бері ата-әжелеріміз бірінші болып келіп, өз таңдауын жасады. Барлық учаскелерде халықтың көңіл-күйін көтеру мақсатында мерекелік кештер ұйымдастырылған.»
Сайлау процесінің барлық азаматқа қолжетімді болуына ерекше мән берілген. Түркістан облысында ерекше қажеттіліктері бар 15 мыңға жуық азамат бар. Олардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау үшін 100-ден астам инватакси мен әлеуметтік такси, сондай-ақ 56 қосымша автокөлік тартылған. 200-ден астам сурдоаудармашы мен 770 жеке көмекші жұмылдырылған.